Непалдағы су тасқынынан кейін 4 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кетті
Непалда болған алапат су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны мыңнан асты. Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасаған buginmedia.kz хабарлады.
Непалда 26 тамызда болған алапат табиғи апаттан қаза тапқандар саны 1050 адамға жетті. Тағы шамамен 4 мың адам хабар-ошарсыз кеткен. Олардың 583-і – шетел азаматтары.
Құтқарушылар 11 мыңнан астам адамды аман алып қалған. Іздеу-құтқару жұмыстарына Непал, Қытай және Үндістан мамандары жұмылдырылды. Оңтүстік Корея зардап шеккен аймаққа 44 адамнан тұратын жедел топ жібермек.
Қытай ДНҚ сараптамасы бойынша мамандарын және гуманитарлық көмек, соның ішінде дрондар мен су тазартуға арналған жабдықтар жөнелтуге дайындалып жатыр.
Непал премьер-министрі Балендра Шах табиғи апат климаттың өзгеруіне байланысты Гималай өңіріндегі қауіп-қатердің артып келе жатқанын көрсеткенін айтты.
Еске салайық, апат 26 тамызда мұздықтың опырылуынан басталған. Мұз, тас пен лай араласқан тасқын Қытаймен шекаралас Непалдың елді мекендері мен аңғарларын басып өткен. БҰҰ Даму бағдарламасының алдын ала бағалауынша, апат салдарынан шамамен 2,2 млн тонна үйінді қалған.
Құтқару жұмыстары ең көп зардап шеккен аймақтарда тікұшақтар, экскаваторлар және басқа да ауыр техниканың көмегімен жалғасып жатыр.