Қазақстанда пәтер жалдау қымбаттады: қай қалада баға төмендеді?
Қазақстанда пәтер жалдау бағасы тағы өсті. Krisha.kz мәліметінше, тамыз айында еліміздің басым бөлігінде жалға берілетін тұрғын үй құны қымбаттаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қазақстанда тұрғын үйді жалға беру бағасы тамыз айында айтарлықтай өсті. Krisha.kz мәліметінше, шілде айының соңынан тамыз айының соңына дейін бір бөлмелі пәтерлердің жалдау құны 11%-ға, екі бөлмелі пәтерлер 13%-ға, ал үш бөлмелі пәтерлер 10%-ға қымбаттаған.
Баға өсімі тек Астана мен Алматыда емес, өңірлердің басым бөлігінде байқалған.
Екі бөлмелі пәтерлер ең қатты Қарағанды, Қостанай және Павлодарда қымбаттаған. Бұл қалаларда баға 20-26%-ға өсіп, орта есеппен 230-250 мың теңгеге жеткен.
Көкшетауда үш бөлмелі пәтерлердің жалдау құны бір айда 30%-ға артқан. Ал Павлодарда бір бөлмелі пәтерлер шамамен 29%-ға қымбаттаған.
Астана мен Алматыда қанша?
Тамыз айында Астана жалдау құны бойынша көшбасшылығын сақтап қалды. Елордада бір бөлмелі пәтерді жалдау орта есеппен 250 мың теңге болса, Алматыда бұл көрсеткіш 230 мың теңгені құрады.
Екі бөлмелі пәтердің орташа бағасы екі қалада да 350 мың теңге, ал үш бөлмелі пәтер шамамен 500 мың теңге тұрады.
Қай қалада жалдау арзандады?
Жалдау бағасы төмендеген жалғыз қала – Қонаев. Мұнда бір бөлмелі пәтердің айлық жалдау құны 10 мың теңгеге арзандаған.
Қалған санаттағы пәтерлердің бағасы негізінен өзгеріссіз қалған.