Спорт

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: жарыстың бірінші күні қазақстандықтар жеңіліп қалды

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғыз Республикасында 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы 42 спорт түрінен 152 спортшымен қатысуда, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ойындардың ашылу салтанатында Қазақстанның мемлекеттік туын көкпардан әлем чемпионы, команда капитаны Тұрғанбек Құрманбек ұстап шықты.

Жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық спортшылар ордо (асық ату), тогуз коргоол (тоғызқұмалақ), кураш, гореш және монгол бох спорт түрлері бойынша бақ сынады.

Тоғызқұмалақтан жарыстар 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал ордо, яғни асық атудан ақтық ойындар 2 қыркүйекке жоспарланған.

Кураш бойынша белдескен Нұрдәулет Жарылғапов ирандық балуанға жол берді. Монгол бохтан Амангелді Ерасыл, ал горештен Мадияр Абдрахманов қарсыластарына есе жіберді. Осылайша, аталған үш күрес түрінен жарыстар аяқталды.

2 қыркүйекте көкпар, көкбөрі, эр еңиш (аударыспақ), алыш, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, құсбегілік, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, таяқ тарту, арқан тарту, сумо, стронгмэн және омыртқа сындыру бойынша жарыстар өтеді.