Қазақстанда автокөлік құнының 10%-ы мөлшерінде жаңа салық енгізілді
2026 жылдан бастап Қазақстанда қымбат автокөлік сатып алған азаматтарға жаңа салық міндеттемесі енгізілді. Құны 18 000 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын жеңіл көліктерге 10% мөлшерінде акциз салынады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 2026 жылы 1 АЕК – 4325 теңге. Осылайша, 18 000 АЕК 77 млн 850 мың теңгеге тең.
Яғни, құны осы сомадан жоғары автокөлік сатып алған адам көлік бағасының 10%-ын акциз ретінде төлейді.
Мысалы, 80 млн теңгеге көлік сатып алынса, акциз 8 млн теңге болады. 100 млн теңгелік көлік үшін 10 млн теңге, ал 150 млн теңге тұратын көлікке 15 млн теңге акциз төленеді.
Бұл төлем көлік салығынан бөлек алынады. Акциз – жыл сайын емес, көлік сатып алынған кезде бір рет төленетін төлем.
Салықты көлік сатып алынған айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей төлеу қажет. Мысалы, автокөлік 15 ақпанда сатып алынса, иесі 20 наурызға дейін 400.00 нысанды тапсырып, акцизді төлеуі тиіс.
Салық уақытында төленбесе, алдымен берешек есептеліп, кейін өсімпұл салынады. Қажет болған жағдайда қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, көлікті сыйға тарту кезінде жаңа иесі акциз төлемейді. Себебі бұл жағдайда сатып алу-сату шарты емес, сыйға тарту шарты жасалады.
Ал қымбат көлік қайта сатылса, жаңа сатып алушы үшін акциз қайтадан есептеледі. Яғни, ол өз сатып алу-сату келісіміндегі көлік құнының 10%-ын төлеуге міндетті.
Сонымен қатар, көлікті бұрынғыдан қымбат бағаға сатқан жағдайда сатушыда мүліктік табысқа қатысты бөлек салық міндеттемесі туындауы мүмкін.