Екі пәтер және үш Lexus сатып алған: «Amanat Drive» басшылары сотталды
Қонаев қаласының соты «Amanat Drive» қаржы пирамидасының басшыларына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сот шешімімен Шүкен К.К. 8 жылға, ал Үрәтбек М.С. 1 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында компанияның 8 мыңнан астам салымшыны тартып, 21 млрд теңгеден астам қаражат жинағаны анықталған.
Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді тиімді шарттармен сатып алуды ұсынған. Алайда кейін бұл қаражатты заңдастыру үшін бірнеше компания арқылы көпдеңгейлі схема қолданылған.
Жалған келісімшарттар негізінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Сотталғандар тартылған қаражатқа екі пәтер және Lexus маркалы үш автокөлік сатып алып, оларды ықтимал тәркілеуден жасыру үшін басқа адамдардың атына рәсімдеген.
Сот аталған мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім қабылдады.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.