«Жараспаса жіберу керек»: Роза Әлқожа келін туралы жазба жариялады
Әнші Роза Әлқожа отбасындағы келіннің орны мен оған артылатын жауапкершілік туралы пікір білдірді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Әнші Роза Әлқожа отбасындағы келіннің орны мен оған артылатын жауапкершілік туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Өнер иесі оқырмандарының бұл тақырыпқа қатысты одан пікір сұрағанын айтты. Оның сөзінше, отбасындағы қиындықтар туралы көп жағдайда мәселе ушыққаннан кейін ғана ашық айтылады.
«"Сіз неге бәрі жайлы үндемедіңіз?" депті бір оқырман. Не дейін? Әдетте әңгіме бәрі біткенде ғана айтылады, ашылады. Ал сол халде жүрген қаншама қыз-келіншек бар. Торға түскен торғайдай, "келінді күң қылады күте алмағанның" күйін кешіп жүр. Кетейін десе "кел" дейтін анасы жоқ. Ата-ананың абыройы, аға-бауырдың намысы деп іштей тұншығады», – деп жазды әнші.
Роза Әлқожа қоғамда салт-дәстүр деген желеумен отбасындағы көптеген міндеттің әйелдерге жүктелетінін сынға алды. Ол отбасының берекесі, ата-ананың жағдайы, бала тәрбиесі мен үй шаруасына тек әйел жауапты болмауы керек деп есептейді.
«Салт деп, дәстүр деп бар жүкті қызға, келінге, әйелге, анаға артып қойған қоғам еркекке неге артпайды осынша жүкті?! Ағайынның татулығын, жанұяның берекесін, ата-ананың жағдайын, баланың қамын неге әйел ғана ойлау керек? Үйдің тірлігін, барды жеткізуді, айналаны таза ұстауды неге бір келін ғана мойнына алу керек? Әуелде құлдыққа сатылып па еді?!» – деді ол.
Әнші мұндай мәселелердің тамыры тереңде жатқанын айтып, көп әйелдің өз басындағы қиындықтарды ашық айта алмайтынын жеткізді.
«Үндемегенге сүмелек, жасырғанға жасық деп қалмаңыздар. Сұрайтын адам болмаған соң да ішімізде. Күйбеңнің қамытын бір келінге артып қойып, қызықтап отыратын бұл азаптар алаңы емес. Оның да арманы бар, қалауы бар, көңілі бар. Оның да жүйкесі бар, ашуы бар, адам деген аты бар», – деп жазды Роза Әлқожа.
Оның пікірінше, отбасы – ең алдымен жауапкершілік. Сондықтан ер адам отбасын құруға дайын болмаса, үйленуге асықпауы керек.
«Отбасы деген – жауапкершілік. Әуелде шамасы келмейтін балаға келін алмау керек. Жараспаса жіберу керек. Ол да біреудің аялап баққан баласы. Шешесінің етегін жібермейтін еркек көп. Ананы сыйлау әйелді жығып беру емес. Есею керек ерлерге. Отбасының тізгінін ұстай алмаған Отанды қалай қорғайды?!» – деп түйіндеді әнші.