1 қыркүйек жиыны алдында оқушы мұғалімге шабуыл жасады
Ресейдің Краснояр өлкесіндегі Канск қаласында 1 қыркүйекке арналған салтанатты жиын басталар алдында мектепте оқыс жағдай болды. Алдын ала мәлімет бойынша, жетінші сынып оқушысы физика пәнінің мұғаліміне шабуыл жасаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Куәгерлердің айтуынша, оқушы алдымен мұғалімге бұрышты газ баллонынан шашып, кейін қолындағы пышақпен шабуыл жасаған. Мұғалімге оқушылардың бірінің анасы көмекке келген. Ол қызды дәлізге қарай ығыстырған.
Kras Mash Telegram-арнасының жазуынша, оқиға орнына құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп, тексеру жұмыстарын бастаған. Мектеп директорының айтуынша, қазір білім беру мекемесінде тергеушілер жұмыс істеп жатыр.
Ресейлік 112 арнасының мәліметінше, оқиға салдарынан жеті адам зардап шеккен. Олардың бесеуі – балалар.
Кейбір куәгерлер оқушының ішінде жанғыш сұйықтық болуы мүмкін бөтелкені де лақтыруға әрекет жасағанын айтқан. Бұл ақпарат әзірге ресми түрде нақтыланбаған.
Оқиғаның нақты себебі және шабуылдың барлық мән-жайы анықталып жатыр.