"Жақының жатқа айналады": Роза Әлқожа жан сырын ақтарды
Танымал әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында өмірлік тәжірибесі, адамдарға сену және көңіл қалу туралы ой бөлісті, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Өнер иесі жазбасында бір кездері өзіне жақын болған адамдардың уақыт өте келе алыстап, тіпті бөтен адамға айналуы мүмкін екенін айтты. Ол мұндай жағдайлардың адамға үлкен сабақ беретінін жеткізді.
Әнші бұрын өзіне сенімді болғанын, алайда біреуге шектен тыс сенім артқан адам біртіндеп өзінің жеке пікірінен айырылуы мүмкін екенін жазды.
«Біреуге қалтқысыз сенген адам өз болмысынан ажырап қалады екен. Соның қабағы, соның пікірі деп өз ойы болмайды. Жалпы, өмірде өзіңе ғана сену керек екенін енді ұғындық. Сенім — үлкен қару. Оны берген соң басқа адамға қалай қолдану керегін айта алмайсың. Жақының жатқа айналады дегенге бұрын сенбейтінмін. Дұшпаның досың болады десе де ертегі болып көрінетін. Сөйтсек, құдай шешсе, құл көнеді екен», – деп жазды Роза Әлқожа.
Ол сондай-ақ жақын адамдардың жат болып кетуі мүмкін екеніне бұрын сенбегенін айтып, өмірде күтпеген өзгерістер болатынын атап өтті.
Әнші адамдар арасындағы қарым-қатынаста әркімнің ниеті мен мақсаты маңызды екенін де айтты. Оның пікірінше, өзін жақсы білемін деп жүрген адамның өзі басқа адамның шынайы ойын толық түсіне алмауы мүмкін.
«"Мені өзімнен артық біледі" дегеннің бәрі өтірік. Ешкім ешкімді білмейді. Тек мақсатына қарай ой салады, бағыттайды немесе пайдаланады», – деді ол.
Роза Әлқожа жақын адамның қолдауынан гөрі, алыста жүрсе де шын ниетімен тілекші болатын жанның қадірі жоғары екенін айтып, адамдарды екіжүзді қарым-қатынастан сақ болуға шақырды.