Балалар тек қағаз жүзінде емделген: МӘМС-тен 65,9 млн теңге жымқырылған
Алматы облысында екі стоматологиялық клиника басшысының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қаражатын заңсыз иемденгені анықталды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бұл факт Алматы облысы прокуратурасының бастамасымен жүргізілген тексеру кезінде белгілі болған. Тексеру нәтижесінде медициналық ұйымдар көрсетілмеген қызметтер үшін мемлекеттен 65,9 млн теңге алғаны анықталған.
Прокуратура мәліметінше, клиникалардың басшылары пациенттердің дербес мәліметтерін пайдаланып, медициналық ақпараттық жүйеге жалған ақпарат енгізген. Атап айтқанда, туа біткен патологиясы бар балаларға іс жүзінде көрсетілмеген ортодонтиялық қызметтер көрсетілді деген мәлімет тіркелген.
Осы жалған ақпарат негізінде МӘМС қорының қаражатынан клиникаларға төлем жасалған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2) тармағымен қылмыстық іс тіркелген.
Сот шешімімен кінәлі тұлға сотталған. Мемлекетке келтірілген 65,9 млн теңге көлеміндегі шығын толық өтелді.