Әлемде

Үш адам қаза тапқан мешіттегі атыс: 17 жастағы қызға ауыр айып тағылды

АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатындағы үлкен қазылар алқасы Сан-Диегодағы мешітке жасалған шабуылға қатысты 17 жастағы Сара Линдси Сантьягоға бірқатар айып тақты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқиға 18 мамырда болған. Атыс кезінде үш адам қаза тапты.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Сантьяго шабуылды тікелей эфирде көрсетуге келіскен. Кейін қылмыскерлер түсірген видеоны таратып, олардың манифесін жариялауы керек болған. Тергеушілер тікелей эфирді үш адам көргенін анықтаған. Қалған екі көрерменнің кім екені әзірге белгісіз.

Қыз өткен аптада қамауға алынған. Іс Солтүстік Каролина штатында қаралып жатыр. Прокурор Джим О’Нилдің айтуынша, штат заңдары Сантьягоны кәмелетке толған адам ретінде соттауға мүмкіндік береді.

Егер оның кінәсі сотта дәлелденсе, оған шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынсыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Мешіттегі шабуыл қалай болды?

Атыс салдарынан 51 жастағы күзетші Амин Абдулла, 78 жастағы мешіт қызметкері Мансур Казиха және 57 жастағы Надир Авад қаза тапқан. Шабуыл кезінде мешіт жанындағы мектепте шамамен 140 бала болған. Тергеу мәліметінше, қаза болған ер адамдар балаларды қорғауға тырысқан.

Шабуылға 18 жастағы Калеб Васкес пен 17 жастағы Кейн Кларк күдікке ілінді. Тергеу дерегінше, олар кейін көлікте өз-өзіне қол жұмсаған. Құқық қорғау органдары күдіктілердің бұған дейін еврей ғибадатханасы мен негізінен афроамерикалық балалар оқитын мектепке шабуыл жасауды да жоспарлағанын анықтаған.

Прокурордың айтуынша, күдіктілер әртүрлі мәдениет пен дін өкілдеріне өшпенділік тарататын радикалды ортаға қатысы болған. Қазір Сантьягоға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оның кінәлі немесе кінәсіз екенін сот анықтайды.