«Пышақ ізі жоқ». БАӘ-де мерт болған Ақжан мен Жұлдыз Бохановалар Астанада жерленді
Біріккен Араб Әмірліктеріне күнкөріс қамымен кетіп, өз пәтерінде өлі табылған апалы-сіңлілі Ақжан мен Жұлдыз Боханованы туыстары, ет-жақындары Астанада арулап жерледі. Таяуда арнайы чартер рейспен Шарджа қаласынан қыздардың мәйітін әкелері алып келген. Перзентін өз көзімен көрген әкесі, "денесінде пышақ ізі жоқ" деп отыр. Сондай-ақ бұған дейін айтылған болжамдардың бірі де расталмай шыққан, деп хабарлайды buginmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қос қызғалдағынан бірдей айрылып, етегі жасқа толған анасы жоқтап отыр. «Аталатсаң аталат, боталата көрме» сөзінің салмағын Бохановтар отбасы шын сезінді. Ана жүректің зарлы жоқтауынан төңіректе сай‑сүйегі сырқырымаған жан болмады. Шарджаға күнкөріс қамымен кетіп, қандықол қылмыскердің қолынан қаза тапқан қыздарын әкесі арнайы чартер рейспен алып келіп жерлеуге асыққан.
— Қыздардың ДНК-мен ғана алғызды. Қыздарды маған көрсеткен жоқ. «Сот әлі біткен жоқ» деді. «Сот біткен соң ғана аласыңдар» деді. Оған қарамай, елшіліктің жігіттері көмектесіп, түсіндірдім, енді жерлеу керек қой деп, елге жеткізілуіне бар күшін салып, Алланың қалауымен, түнгі сағат төртте үйге келдік, - дейді марқұмдардың әкесі Мейрам Боханов.
Әмірлік жеріне табаны тие сала, марқұмдардың әкесі қыздардың денесі сақталған мәйітханаға асыққан. Мұнда Ақжан мен Жұлдыздың неден қайтыс болғаны жазылған бір жапырақ қағаз қолына ұстатылыпты. Әкелерінің сөзінше, желідегі теке сақалды қағба жанында суреті тараған жігіттің қылмысқа қатысы бар-жоғы нақты анықталмаған. Қыздарының «баз біреудің үсті-үстіне үшінші, төртінші әйелі болып тиіпті» дегені де қауесет.
— Желіде шығып жатқан ақпараттың барлығы өтірік. Ешкімге сенбеңіздер, ешқандай қинап өлтірмеген. "Пышақтап өлтірді "деп жатыр, мен жаңа өзім ашып қарадым. Сондай қалай өлтірілген? Енді қалай өлтірілгенін білмейміз ғой, «жүрегі тоқтаған» дейді. Ешқандай құрал пайдаланбаған. Қағаздарын, барлығын көрдім, - дейді марқұмдардың әкесі Мейрам Боханов.
Қыздардың жүрегі арнайы дәрі беріп тоқтады ма, әлде буындырып өлтірді ме, ол жағы белгісіз. Әмірлік таратқан ақпарға сәйкес, қазір қылмыскер ұсталған. Ол — Қазақстан азаматы. Қылмысы дәлелденген жағдайда, Әмірлік заңына сәйкес, әкесіне де, көкесіне де қарамай, ату жазасына кесілуі мүмкін. Ал қара жамылып отырған отбасы осы ретте қолғабыс жасаған КТК телеарнасы мен сыртқы істер министрлігіне алғысын жаудырумен болды.
— Қазақстан азаматтарына рақмет! Барлығы хабарласып жатыр. Ақшалай керек пе, былай керек пе, барлығы сұрап жатыр. «Ештеңе керек емес» дедім. Елшіліктен тегін жеткізіп бердім. КТК арнасына да рақмет, ат салысып жатыр, - дейді марқұмдардың әкесі Мейрам Боханов.
Бұл қылмыстың әлі ашылмаған көмескі тұсы көп. Қылмыс желісін қалпына келтіріп, барлық эпизодты анықтау үшін біраз жұмыс істеуге тура келеді. Қазір Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі елшілік арқылы, ал, Әмірлік құзырлы органдары өз тарапынан қылмыстық істің толық әрі жан-жақты тергелуіне атсалысып жатыр.
Қаралы шаңыраққа ауыр тиіп тұрғаны қыздарына қатысты орынсыз қауесет пен өсек-аяңның тарауы. Олар болған оқиғаға қатысты ақиқат толық анықталып, марқұм қыздардың атына алып-қашпа әңгімелердің ермегенін қалайды.