"Төрешілерді сатып алған": ҚФФ тексерісті бастады
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) жекелеген футбол клубтарының өкілдері төрешілерге ықпал ету арқылы бәсекелік артықшылыққа қол жеткізуге тырысқаны туралы ақпарат алған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Федерация мәліметінше, төрешілердің біріне заңсыз ықпал етуге жасалған ықтимал әрекет бойынша тексеру жүргізілген. Жағдайды қарау қорытындысында аталған төрешіні футбол жарыстарында жұмыс істеуден мерзімсіз шеттету туралы шешім қабылданды.
Қазіргі уақытта төрешінің аты-жөні жарияланбайды.
ҚФФ төрешілерге қысым көрсету, материалдық сыйақы ұсыну немесе матч нәтижесіне ықпал етудің өзге де әрекеттері туралы ақпараттарды жинап, тексеруді жалғастырып жатыр.
Федерация спорттық жарыстардың нәтижелерін манипуляциялауға қатысты нөлдік төзімділік қағидатын ұстанатынын мәлімдеді. ҚФФ-ның айтуынша, төрешілерге қысым көрсетуге, ақша ұсынуға немесе беруге, сондай-ақ ойын барысына араласуға жол берілмейді.
"Келіп түскен барлық ақпарат тексеріледі. Фактілер расталған жағдайда кінәлілерге федерация регламенттері мен Қазақстан заңнамасына сәйкес шара қолданылады. Қажет болған жағдайда ҚФФ мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істейді", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар федерация футбол жарыстарын манипуляциялаудың ауыр түрлері үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.
ҚФФ жарыстардың адалдығы, төрешілердің тәуелсіздігі және жанкүйерлер сенімі Қазақстан футболының басты қағидаттары екенін мәлімдеді.