Астанада мұнаралы кран құлады: бір адам қаза тауып, екі адам зардап шекті
Астанада мұнаралы кран құлап, бір адам қаза тапты, тағы екі адам жарақат алды. Зардап шеккендердің бірінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға бүгін Қорғалжын тасжолы маңында, №100 мектептің жанындағы салынып жатқан ғимарат аумағында болған.
Елорда денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жарақат алған екі адам Ұлттық жедел медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілді.
Бір науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Екінші зардап шегуші стационарда қажетті медициналық көмек алып жатыр.
Тағы бір адам оқиға орнында қаза тапқан. Оның денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Айта кетейік, бұл - Астанада соңғы бірнеше күн ішінде болған құрылыс кранының екінші рет құлауы. 27 тамызда Е 908 көшесі бойындағы құрылыс алаңында, Төле би көшесі мен Ұлы дала даңғылының қиылысына жақын жерде кран құлаған. Сол оқиғада бір ер адам қаза тапқан. Полиция тексеру жұмыстарын бастаған.
Өткен жылдың жазында да елордадағы құрылыс алаңдарының бірінде кран құлап, 30 жастағы кран машинисі қаза болған.