Жаңа оқу жылында Қазақстан мектептерінде не өзгереді?
Қазақстанда жаңа оқу жылы басталады. Биыл оқушылар мен ата-аналар үшін мектептегі бірқатар тәртіп өзгереді. Олардың қатарында мұғалімдерге дәстүрлі сыйлық беруге қатысты шектеулер және мектепте ұялы телефон қолдану тәртібінің өзгеруі бар. Жаңа талаптар 1 қыркүйектен бастап мектеп оқушыларының күнделікті оқу процесіне әсер етеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Мұғалімдерге сыйлық беруге болмайды
Биыл Қазақстан мектептерінде мұғалімдерге сыйлық, соның ішінде 1 қыркүйекте дәстүрлі түрде берілетін гүл шоғын сыйлауға болмайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері мәлімдеді.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова 28 тамызда ОКҚ брифингінде мектеп қабырғасында мұғалімдерге гүл мен кез келген сыйлық беруге жол берілмейтінін айтты.
«Мектеп қабырғасында гүл мен қандай да бір сыйлық беруге жол берілмейді. Біз мұны бөлек жаздық. Сондықтан бұған қажеттілік жоқ», – деді Шынар Ақпарова.
Министрлік бұған дейін бұл мәселеге қатысты өзгеше ұстанымда болған. Мәселен, 2024 жылы ведомство мұғалімге гүл сыйлауға болатынын айтқан. Ол кезде гүл ұстазға деген құрмет пен алғыстың белгісі ретінде бағаланған. Сол кездегі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев те мұны «жақсы дәстүр» деп атаған.
2-4 сынып оқушыларына БЖБ мен ТЖБ болмайды
1 қыркүйектен бастап 2-4 сынып оқушыларының білімін бағалау жүйесі өзгереді. Бұл сыныптарда бұрынғы БЖБ мен ТЖБ болмайды. Олардың орнына әр бөлім аяқталғаннан кейін аралық жұмыстар ұйымдастырылады. Бұрын БЖБ орындауға 15-20 минут берілсе, енді аралық жұмысқа толық сабақ уақыты бөлінеді.
Ал қалыптастырушы бағалау жүйесі өзгермейді. Мұғалім оқушының сабақтағы жауаптарын, жеке және топтық жұмысын, үй тапсырмасын және басқа да белсенділігін ескеріп, 1-ден 10 балға дейін бағалайды.
Оқушылар смартфондарын сабақ кезінде қолданбайды
Жаңа оқу жылынан бастап 1-7 сынып оқушылары сабақ кезінде смартфондарын пайдаланбауы керек. Телефонды арнайы орынға тапсыру немесе сөмкеде алып жүру тәртібін мектептің өзі белгілеуі мүмкін. Бұл смартфондарға толық тыйым салынатынын білдірмейді. Шектеу оқу процесі кезінде телефон қолдануға қатысты.
Жоғары сынып оқушылары үшін кейбір ерекшеліктер қарастырылуы мүмкін. Себебі жекелеген пәндерде онлайн платформалар қолданылатын болады.
Мұғалімдерге гүл мен сыйлық беруге болмайды
Биыл мектеп қабырғасында мұғалімдерге гүл және басқа да сыйлық беруге жол берілмейді. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеген. Оның айтуынша, тиісті талаптар мектеп ережесінде нақты көрсетілген.
Бұған дейін министрлік ұстазға гүл сыйлауды құрмет пен алғыстың белгісі ретінде бағалаған еді.
Мектеп формасына қатысты не өзгерді?
Мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып үш түрге бөлінеді. Оның үлгісін мектеп ата-аналармен, қамқоршылық кеңеспен және мектептің өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп анықтайды.
Сонымен қатар, мектеп басшылығы ата-аналарды форманы белгілі бір өндірушіден немесе нақты дүкеннен сатып алуға міндеттей алмайды. Қай жерден сатып алу керегін ата-аналардың өздері шешеді.
Ал мектеп оқушысының сыртқы келбетіне, соның ішінде макияжға қатысты талаптарды білім беру ұйымы өз ережесінде белгілеуі мүмкін.
Жаңа пәндер енгізіледі
Жаңа оқу жылында оқушылар бірнеше жаңа пән мен курсты оқиды. 5-7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11 сыныптарда «Заң және тәртіп» курсы енгізіледі. Ал 5-11 сынып оқушылары «Жеке қауіпсіздік» бағыты бойынша білім алады.
Бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі қарастырылған. Олардың оқу жүктемесін азайтып, жас ерекшелігіне сай практикалық сабақтарға көбірек көңіл бөлу жоспарланып отыр.
Мектептерде жасанды интеллект қолданылады
Қазақстан мектептеріне жасанды интеллект технологияларын енгізу басталады. Алғашқы кезеңде жоба Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте сынақтан өтеді. Кейін оны 500 мектепке дейін кеңейту жоспарланған.
2029 жылға қарай жасанды интеллектіні Қазақстандағы 2600 шағын жинақты мектептің барлығына енгізу көзделіп отыр.
Мектептерде жасанды интеллект негізіндегі репетиторлар қолданылуы мүмкін. Мұғалімдер сабақ дайындау және оқушылардың білімін тексеру кезінде арнайы құралдарды пайдалана алады.
АӘД бағдарламасы жаңартылады
1 қыркүйектен бастап мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәні жаңартылған бағдарлама бойынша оқытылады. Сабақтардың мазмұны практикалық бағытқа жақындайды. Сонымен қатар, АӘД мұғалімдерінің біліктілігін арттыру әскери оқу орындарының базасында жүргізіледі. Пән мұғалімдеріне әскери қызмет өтіліне қатысты талап та қарастырылған.
Кейбір сыныптарға жаңа оқулықтар беріледі
Оқулықтар кезең-кезеңімен жаңартылады. 2026 жылы 3 және 7 сыныптарға арналған бірқатар жаңа оқулықтар енгізіледі. Үшінші сынып оқушылары қазақ және орыс тілі, математика, дүниетануға қатысты жаңартылған оқулықтармен қамтылады. Ал жетінші сыныптарға дүниежүзі тарихының жаңа оқулығы беріледі.
Жаңартылған оқу әдебиеттерінде жаңа Конституцияның нормалары мен құндылықтары ескеріледі.
Мектептегі тамақтану тәртібі өзгереді
Жаңа оқу жылынан бастап мектеп асханаларындағы мәзірге қойылатын талаптар өзгереді.
Тағам балалардың жас ерекшелігі мен қажеттілігіне қарай әзірленеді. Қосылған тұз бен қант мөлшерін шектеу қарастырылған. Тамақ дайындауда тек йодталған тұз қолданылуы керек.
Мәзірдің кемінде 75 пайызы өсімдік тектес өнімдерден тұрады. Олардың қатарында көкөніс, жеміс, жарма, бұршақ тұқымдастар, жидек, жаңғақ және тұқымдар бар.
1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін тегін ыстық тамақ беру жалғасады.
Кейбір мектептерде тамақтану швед үстелі форматында ұйымдастырылуы мүмкін. Асханасы жоқ шағын жинақты мектептерде балаларға ланч-бокстар беріледі.
Балалардың медициналық тексеруі өзгереді
30 тамыздан бастап балаларды профилактикалық медициналық тексерудің жаңа тәртібі күшіне енді. Тексеру баланың жасына қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі. Мамандар бойы мен салмағын өлшейді. Бес жасқа дейін бас шеңбері, алты жастан бастап қан қысымы тексеріледі.
Сонымен қатар, бес жастан бастап дене салмағы индексі есептеледі. Балаларға плантография, қандағы оттегі деңгейін өлшеу және белгілі бір жаста ЭКГ жасау қарастырылған.
Дәрігер баланың жалпы жағдайын, физикалық және психикалық дамуын, негізгі ағзаларының жұмысын бағалайды. Медициналық тексеру барысында балаға қажетті күтімнің болмауы немесе зорлық-зомбылықтың ықтимал белгілеріне де назар аударылады.
Медициналық тексеру нәтижелерін ата-аналар цифрлық медициналық жүйелер мен мобильді қосымшалардан көре алады.