Еңбек министрлігі жұмыс берушілер мен жұмыссыз қазақстандықтарға қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстанда жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын қызметкерді жұмысқа қабылдағанға дейін Enbek.kz электрондық еңбек биржасына орналастыруға міндетті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, жұмыс беруші пайда болған бос жұмыс орны туралы ақпаратты бес жұмыс күні ішінде жариялауы керек. Вакансия қызметкер ресми түрде жұмысқа қабылданғанға дейін сайтта болуы тиіс.
Бұл талап еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары туралы ақпараттың өзекті болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бос жұмыс орнын белгіленген мерзімде жарияламаған жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал заңбұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл салынады.
Жұмысқа тұрған адамды есептен кім шығарады?
Министрлік жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың жұмысқа орналасуы да автоматты түрде есепке алынатынын түсіндірді. Азамат жұмысқа орналасқаннан кейін бес жұмыс күні ішінде мансап орталығына хабарлауы тиіс. Алайда оның бармауы жұмыссыз мәртебесін жаңартуға кедергі болмайды.
Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде азамат жұмыссыздар қатарынан автоматты түрде шығарылуы мүмкін. Бұған электрондық еңбек шартының Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесінде тіркелуі немесе жұмыс берушінің алғашқы міндетті зейнетақы жарнасын аударуы негіз болады.
Осылайша, азаматтың жұмысқа орналасқаны туралы ақпарат жүйеге түскен жағдайда, оның мансап орталығына барып, есептен шығу үшін бөлек өтініш беруі қажет емес.
Министрлік жұмыс берушілерді вакансияларды уақытында жариялап, қызметкерлермен электрондық еңбек шарттарын тіркеуге және міндетті әлеуметтік әрі зейнетақы аударымдарын уақытылы жүргізуге шақырды.