"Сүйінші әкем өлді": бойжеткен басынан өткен сұмдық оқиғасын айтты
Заңгер Ләззат Рақишева өзіне келген кезекті хатты жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Айтуынша, бұл кейіпкермен мен осыдан 7 жыл бұрын жолыққан.
"Қасы-көзі қиылған әп-әдемі қыз. Бой десе, бойы, ой десе, ойы бар. Нағыз ақылына көркі сай сұлу. Бірақ жанары жасқаншақ, көзінде мұң бар...
Айтуынша, ол көп балалы отбасында тәрбиеленген. 9 ағайынды екен. Анасы бала-шағаның қарнын тойдырамын деп ала таңнан қара кешке дейін жұмыста жүрген. Ал әкесі маскүнемдікке салынып кеткен. Ішімдікке сылқия тойған сәттерінде отбасының берекетін алып, улап-шулаған балаларының көзінше әйелін өлімші етіп сабайды екен. Ес білгелі көріп келе жатқандары сол бір картина: таяқтан көз ашпайтын, не өзін, не балаларын қорғауға қауқары жоқ жасқаншақ, үркек, бақытсыз ана...
Осылайша үреймен өтіп жатқан күндердің бірінде сабақтан үйге келген мұны удай мас әкесі зорлайды", - деп жазды ол.
Қыздың айтуынша, ол кезде 11 жаста болған.
"Әкем біреуге айтар болсам, өлтіре салатынын айтты. Алдымен, анам өмірімен қоштасады деді. Анамның менің жаным түгілі өз жанына араша бола алмайтынын білдім. Сол себепті ешкімге ештеңе айтпадым. Сол сәттен бастап әкемді бар жан-тәніммен жек көріп кеттім. Тезірек үйден кетсем екен деп жүретін едім. Ойыма тек өлім туралы ойлар келе беретін. Жанымды жегідей жеген дерттен өлсем құтылатын шығармын деп ойладым" деген қыз.
"Кейін екеуміз жиі хат алмасып тұрдық. Өзі жұмыс істейтін компания Еуропаға 6 айға оқуға жіберіп жатқанын жазды бірде. Халықаралық деңгейдегі инженер атанғанына да бірге қуандық екеуміз.
Күндердің күнінде «Ләззат әпке, сүйінші!» деген ватсапқа хат келді. Жаным ұшып, жанына жақын адамын жолықтырып, тұрмысқа шығайын деп жатыр ма екен деп ойлап қалдым. «Айта қой...» дегем, «Сүйінші, әпке, әкем өлді!..» дейді. Не жыларымды, не қуанарымды білмедім.
"Осылайша, мен заңгерлік оқуымды бітіріп, сұлу қыз сотқа жүгініп, әкесі сотталып үлгермеді. Өмір басқаша шешім қабылдады. Әкесінің өлімінен кейін ол «Өлгім келеді» дегенді мүлдем айтпайтын болды. Өмірге деген көзқарасы өзгеріп, талпынысы артқанын байқадым. Қызметте жетістігі аз емес. Айналасына да сыйлы. Өкініштісі, әлі де жалғыз...", - дейді заңгер.