Жаңалықтар

Балаева Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды

Аида Балаева  Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Тиісті жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

– Аида Ғалымқызы Балаева Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалсын, – делінген құжатта.

Аида Балаева бұған дейін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары әрі Мәдениет және ақпарат министрі қызметін атқарған. Бұл лауазымдарға ол 2023 жылғы 2 қыркүйекте тағайындалды. Балаеваның ғылыми дәрежесі — әлеуметтік ғылымдар кандидаты.

Оның мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы 1999 жылы Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасынан басталған. Кейін Алматы қаласының ішкі саясат саласында түрлі қызметтер атқарып, 2006-2008 жылдары қалалық ішкі саясат департаментін басқарды.

2008-2010 жылдары Астана қаласының ішкі саясат басқармасына жетекшілік етті. 2010-2014 жылдары елорда әкімінің орынбасары болды.

2014-2019 жылдары Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2019-2020 жылдары Мемлекет басшысының көмекшісі болды.

2020 жылғы қаңтардан 2022 жылғы қаңтарға дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметін атқарды. Кейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

Аида Балаева жоғары білімді екі оқу орнында алған. 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2007 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін тәмамдаған.

2010 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.

Бұған дейін Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті қызметіне ұсынылғаны, ал Олжас Бектеновтің Премьер-министр лауазымында қалғаны хабарланған еді.