Непалдағы су тасқыны: 794 адам қаза тауып, 2500-ден астам тұрғын із-түзсіз жоғалған
Непалда бірнеше күнге созылған нөсер жаңбырдан кейін болған су тасқыны мен сел салдарынан қаза тапқандар саны 794 адамға жетті. Тағы 2500-ден астам тұрғын із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Бұл туралы BBC-ге сілтеме жасаған buginmedia.kz хабарлады.
Қазір елде іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар лай мен топырақ астында қалған елді мекендерді тексеруде. Алайда 28 тамыздан бері жауған нөсер жауын жұмыстарды қиындатып отыр.
Мамандар таулы аймақтарда жаңа сел жүру қаупі бар екенін ескертті. Су тасқынынан кейін пайда болған жаңа көл де қауіп төндіріп тұр. Егер оның бөгеті бұзылса, Лхенде және Тришули өзендерінде су деңгейі күрт көтерілуі мүмкін.
Құтқару жұмыстары Тришули өзенінің жоғарғы ағысындағы бес бөгеттің маңында жүргізіліп жатыр. Билік өкілдерінің мәліметінше, бөгеттердің бірінің жанындағы тоннельде 350-ге жуық адам қалып қоюы мүмкін.
Апаттың салдары Непалмен шектесетін Қытай аумағында да байқалды. Қытай билігінің мәліметінше, онда 16 адам қаза тауып, 546 адам хабар-ошарсыз кеткен.
Ал Непал билігі ел аумағында болған 592 шетелдіктің қазір қайда екенін анықтай алмай отыр. Олардың басым бөлігі Тибеттегі Кайлас тауына бара жатқан зияратшылар болатын.
Құтқарушылар іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Мамандар ауа райының қайта нашарлауына және жаңа су тасқыны болуы мүмкін екеніне байланысты қауіпсіздік шараларын күшейтуде.
Айта кетейік, бұған дейін Непалдағы табиғи апаттан 734 адамның қаза тапқаны хабарланған еді.