Саясат

Депутаттарға жүгіріп барып сұрақ қоюға болмайды: Құрылтайда БАҚ жұмысы өзгереді

Қазақстанда журналистердің Құрылтайдағы жұмыс тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Енді тілшілер депутаттарға дәлізде еркін барып, сол жерде сұрақ қоя алмайды. Бұл туралы Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Құрылтайда журналистер депутаттарға сұрақты тек пресс-орталықта қояды

Құрылтайда журналистердің депутаттармен жұмыс істеу тәртібі өзгеруі мүмкін. Жаңа формат бойынша БАҚ өкілдері депутаттарға дәлізде еркін жолығып, сол жерде сұрақ қоя алмайды. Оның орнына тілшілердің депутаттармен коммуникациясы арнайы баспасөз орталығында ұйымдастырылады.

Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбековтің айтуынша, журналистер сұрақтарын пресс-орталыққа келетін депутаттарға қоя алады.

Қазір жаңа тәртіптің нақты форматы әзірленіп жатыр. Соңғы шешімді Құрылтай бюросы қабылдауы тиіс.

Қай депутаттар журналистермен кездеседі?

Алдын ала жоспарға сәйкес, баспасөз орталығына Құрылтайдың күн тәртібіне енгізілген заң жобаларымен жұмыс істеп жатқан депутаттарды шақыру ұсынылып отыр.

Алайда журналистермен кездесуге қанша депутат шығатыны және мұндай брифингтердің қаншалықты жиі өткізілетіні әзірге белгісіз.

Құрылтай отырыстарына қатысатын министрлер мен вице-министрлердің журналистермен қалай байланысатыны туралы да әзірге нақты ақпарат жоқ.

Жеке сұхбат алуға мүмкіндік сақталады

Журналистер депутаттардан жеке сұхбат ала алады. Ол үшін тілші алдын ала нақты депутатпен байланысып, кездесуді келісуі қажет. Сонымен қатар, депутаттарға жазбаша сауал жолдау мүмкіндігі сақталады.

Кальянбеков жаңа тәртіптің қолданыстағы аккредиттеу талаптарына негізделетінін айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік орган журналистердің жұмыс істеуіне және депутаттармен байланысуына арналған орынды өз бетінше белгілей алады.

Жаңа ереже әзірге ресми түрде бекітілмеген. Оның нақты талаптары талқылану үстінде.

Бұған дейін журналистер Құрылтайда депутаттарға еркін барып, алдын ала келісімсіз пікір алып, оқиғаға қатысты жедел сұрақ қоя алатын. Жаңа тәртіп енгізілсе, мұндай мүмкіндіктер шектелуі ықтимал.