Жаңалықтар

Президент Құрылтайда вице-президент лауазымына кандидатураны ұсынды

Бүгін Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қолданыстағы тәртіп бойынша вице-президентті Президент тағайындайды. Алайда бұл үшін Құрылтайдың келісімі қажет. Құрылтайдың құрамы толық жасақталғаннан кейін Мемлекет басшысы вице-президент пен Премьер-министр лауазымдарына кандидаттарды ұсынады.

Ерлан Қарин бұған дейін Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Ерлан Қариннің білімі

Қарин жоғары білімін Ақтөбеде алған. 1996 жылы К. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Тарих және география» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оған тарих және география пәндерінің мұғалімі біліктілігі берілген.

1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия және саясаттану факультетінің аспирантурасын аяқтаған.

Қызмет жолы

Еңбек жолын 1996 жылы Ақтөбедегі №33 мектепте тарих және география пәндерінің мұғалімі ретінде бастаған.

Кейін Қазақстан даму институтында саяси зерттеулер орталығында жұмыс істеп, Қытай және Ресей институты директорының орынбасары болды. 2000 жылы Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігін басқарды.

2002 жылы Премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарды. Бір жылдан кейін «Асар» партиясы төрағасының бірінші орынбасары әрі Заманауи саясат халықаралық институтының бас директоры болды.

2004 жылы Антитеррористік бағдарламалар орталығын басқарса, 2006 жылы Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болды.

2008 жылы Қарин Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Сол жылы «Нұр Отан» партиясының стратегиялық даму жөніндегі хатшысы болды.

2013 жылы АҚШ-тағы Америка университетіне арнайы шақырылған профессор ретінде жұмыс істеді. 2014 жылы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры болып тағайындалды.

2017 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы болды.

2019-2020 жылдары Президенттің кеңесшісі, кейін көмекшісі қызметтерін атқарды. 2022 жылы Мемлекеттік хатшы, кейін Мемлекеттік кеңесші болды.

Соңғы қызметі – Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың бірінші сессиясында вице-президент пен Премьер-министр кандидатураларын ұсынатынын айтқан болатын.