Жаңалықтар

Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын Құрылтай депутаттары бірауыздан қолдап, Айбек Дәдебайды Құрылтай төрағасы етіп сайлады,  деп хабарлады buginmedia.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияға сәйкес мемлекеттік билік институттарын қалыптастыру үшін бірқатар рәсім жүргізілуі қажет екенін айтты. Соның бірі – Құрылтайдың басшылығын сайлап, оның құрылымын бекіту.

Конституцияның 57-бабына сәйкес, Құрылтай төрағалығына кандидатты Президент ұсынады. Осыған байланысты Тоқаев бұл қызметке Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды.

«Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы.

Президент оның мемлекеттік басқару саласында көп жыл еңбек еткенін атап өтті. Сондай-ақ Дәдебайдың тәжірибесін, білімі мен кәсіби қасиеттерін жоғары бағалады.

«Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарын ұсынылған кандидатураны қолдауға шақырды. Депутаттар Айбек Дәдебайдың кандидатурасын бірауыздан қолдап, оны Құрылтай төрағасы етіп сайлады.