Тоқаев Құрылтай төрағасы қызметіне Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясында жаңа заң шығарушы органның басшылығын қалыптастыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Мемлекет басшысы алдымен Құрылтайдың төрағасын және басшылық құрамын анықтау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, Конституцияның 57-бабына сәйкес, төрағалыққа кандидатты Президент ұсынады.
Осы ретте Тоқаев Құрылтай төрағасы қызметіне Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды.
Президент Дәдебайдың мемлекеттік басқару саласында ұзақ жылдар еңбек еткенін атап өтті. Тоқаев оның кәсіби білімі мен тәжірибесін жоғары бағалап, мемлекеттік қызметте өзін білікті әрі адал маман ретінде көрсете алғанын айтты.
«Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Құрылтай депутаттарын ұсынылған кандидатураны қолдауға шақырды.