Астана мен Эр-Рияд арасында тікелей рейс ашылады
26 тамызда Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында Қазақстан мен Сауд Арабиясы үкіметтері арасында әуе қатынасын дамыту туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Құжат екі ел арасындағы азаматтық авиация саласындағы құқықтық базаны нығайтып, тұрақты әуе рейстерін көбейтуге мүмкіндік береді.
Келісімге Қазақстанның Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Сауд Арабиясы Азаматтық авиация бас басқармасы президентінің міндетін атқарушы Сулейман бин Ахмед Альбассам қол қойды.
Жаңа уағдаластыққа сәйкес, екі ел арасындағы тұрақты рейстердің саны аптасына 28-ден 70-ке дейін ұлғайтылды.
Тараптар бұл шешім сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды дамытуға, инвестиция тартуға, сондай-ақ туризм мен мәдени ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді деп отыр.
Алдағы уақытта әуе тасымалдаушылары Астана мен Эр-Рияд арасында тікелей тұрақты рейстер ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Сауд Арабиясының өзге қалаларына қатынайтын әуе бағыттарын көбейту көзделген.