Бензинді бүлдірген кім: Павлодар мұнай-химия зауыты өзін ақтап шықты
Қазақстандық жүргізушілердің жанармай сапасына қатысты жаппай шағымынан кейін Павлодар мұнай-химия зауытында өндірілген АИ-95 және АИ-98 бензині талаптарға сәйкес келетіні анықталды. Осылайша, зауыт өнімінің сапасына қатысты күмән сейілді. Алайда жүргізушілер шағымданған жанармай мәселесінің нақты қай жерде және қандай себептен пайда болғаны әзірге белгісіз, деп хабарлады buginmedia.kz.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының ulysmedia.kz-ке хабарлауынша, 25 тамызда Павлодар мұнай-химия зауытында өндірілген АИ-95 және АИ-98 бензинінің арбитраждық сынамалары тәуелсіз SGS Kazakhstan зертханасында тексерілді.
Ұлттық компания бұл жерде жанармай құю станцияларынан кездейсоқ алынған үлгілер емес, зауыттан жөнелтілетін әрбір партияның арбитраждық сынамалары зерттелгенін мәлімдеді.
Зерттеу нәтижесінде ПМХЗ өндірген АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің Кеден одағының ТР ТС 013/2011 техникалық регламенті мен ГОСТ 32513-2013 талаптарына сәйкес келетіні анықталды.
«Зауыттан жөнелтілген бензин партиялары өнімнің сапасын растайды», – деп хабарлады «ҚазМұнайГаз».
Алайда бұл нәтиже қазақстандық жүргізушілердің жанармай құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғаны туралы көптеген шағымына жауап бермейді.
Бұған дейін еліміздің әртүрлі қалаларындағы жүргізушілер кейбір жанармай құю станцияларына барғаннан кейін бензин сапасына және көліктерінің ақауларына шағымданған. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі де жанармайды алмастыру фактілері анықталғанын хабарлаған. Яғни, октан саны төмен бензинді жоғары октанды жанармай ретінде сатуы мүмкін деген күдік болған.
Енді мәселе жанармай құю станцияларына тірелді
ПМХЗ өнімінің сапасы талаптарға сай екені анықталғаннан кейін, жанармайдың сапасы қашан төмендеді деген сұрақ туындайды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, мұнай өңдеу зауыттары мен жанармай құю станцияларының желілері мәселені бір-біріне сілтеп отыр.
Энергетика министрлігі бұған дейін жүргізушілердің шағымына себеп болған жағдайды анықтауға уәде берген. Алайда тексеру нәтижелері әзірге жарияланған жоқ.
Министрдің мәліметінше, Атырау мұнай өңдеу зауытынан бензиннің жаңа партиясы жөнелтілген. Ол жүргізушілерді «бірнеше күн шыдауға» шақырды.