1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінде жаңа пән мен курстар оқытылады
Биылдан бастап Қазақстан мектептерінде «Құқық негіздері» пәні оқытыла бастады. Сонымен қатар оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізіледі. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа пәндердің негізгі мақсаты – жастарға заңды сақтау мен Конституцияны құрметтеудің маңызын түсіндіру.
«Тек заңды сақтайтын, Конституцияны сыйлайтын жастар ғана жарқын келешекке, мол табысқа қол жеткізеді, түсінікті тілмен айтсақ, бақытты өмір сүреді», – деді Президент.
Ол заң талаптарын бұзатын жастардың қылмыстық жауапкершілікке тартылып, өз болашағына зиян келтіретінін атап өтті.
Президенттің пікірінше, оқулықтардың мазмұны заман талабына және жаңа Конституцияның идеяларына сәйкес болуы керек.
«Бұл міндеттің сапалы әрі уақытылы орындалуына Үкімет пен тиісті министрлік тікелей жауапты», – деді Мемлекет басшысы.