Ұлдана Мырзуанның қазасы: адвокат тергеудегі заң бұзу деректерін айтты
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жедел жәрдем қызметкері, 23 жастағы Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сот отырысында сотталушы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы Дәурен Еслямбеков істі прокурорға қайтару туралы өтініш білдірді. Адвокаттың айтуынша, тергеу барысында істі прокурорға қайтаруға негіз болатын елеулі процессуалдық заң бұзушылықтар жіберілген.
Қорғаушы сот назарын сот талқылауы басталардан бір ай бұрын ғана Жұбаниязованың куәгер мәртебесінде болғанына аударды. Сонымен бірге оның айтуынша, тергеу әрекеттерінің хаттамаларында сотталушы мен адвокаттың қолы қойылмаған.
Еслямбеков қасбет пен кондиционердің құлау себептерін анықтаған сарапшыларға ғимараттың жобасы мен техникалық құжаттамасы берілмегенін атап өтті.
– Сот-құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, құлауға ғимарат конструкциясындағы ақаулар себеп болған. Кірпіш қалау жіктерінің сапасыз толтырылуы, тіктен ауытқу, сынған кірпішті пайдалану, – деді адвокат.
Қорғау тарапы қосымша сараптамалар жүргізуді де сұрады. Атап айтқанда, қабырғадағы ақаулардың жасырын болған-болмағанын және оларды көзбен анықтауға мүмкіндік болғанын тексеруді ұсынды.
Сонымен қатар адвокат Жұбаниязованың МИБ төрағасы ретінде ғимаратты тексеру және жөндеу жұмыстарын өз бетінше ұйымдастыруға құқығы болған-болмағанын анықтауды сұрады.
Алайда сот қорғау тарапы келтірген уәждерді істі прокурорға қайтаруға жеткілікті негіз деп таппады. Осыған байланысты өтініш қанағаттандырылған жоқ.
Оқиға қалай болды?
Қайғылы оқиға 2025 жылғы қазанда Астанада болған. Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы үйге шақыртуға барған жедел жәрдем қызметкерлерінің үстіне кондиционер мен ғимарат қасбетінің бір бөлігі құлаған. Салдарынан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапты.
Тергеу шамамен 10 айға созылды. Сотта осы үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова жауап беріп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, ол ғимараттың жағдайын тиісті деңгейде бақыламаған және қажетті тексеру мен жөндеу жұмыстарын ұйымдастырмаған.
Прокуратура өз ұстанымында 2017 жылғы техникалық қорытындыға да сүйенеді. Құжатта ғимараттың қасбетін, шатырын және басқа да бөліктерін жөндеу қажеттігі көрсетілген.
Істің алғашқы сот отырысында Сәуле Жұбаниязова өз кінәсін мойындамаған.
Сот отырысын өзге МИБ төрағалары да бақылап отыр. Олардың пікірінше, арнайы техникалық білімі жоқ МИБ басшысына ғимараттың жағдайына қатысты жауапкершілікті толықтай жүктеу дұрыс емес. Сонымен қатар олар ғимаратты салған компанияға қатысты неге талап қойылмайтынына сұрақ қойып отыр.