Әлемде

АҚШ визасына қатысты күтпеген шешім: бүкіл әлем бойынша жазылу тоқтатылды

АҚШ Мемлекеттік департаменті әлем бойынша АҚШ елшіліктері мен консулдықтарындағы виза сұхбаттарын уақытша тоқтатып немесе қайта жоспарлап жатыр. Бұл шешім консулдық қызметкерлерге арналған жаһандық оқыту бағдарламасына байланысты қабылданған,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

АҚШ-та визалық сұхбаттар уақытша кейінге шегерілді: Қазақстан да тізімде

АҚШ Мемлекеттік департаменті әлемдегі елшіліктері мен консулдықтарында визалық сұхбаттарды уақытша кейінге шегеріп жатыр. Ведомство бұл шешімді консулдық қызметкерлерді оқыту бағдарламасының басталуымен түсіндірді.

Оқыту кезінде визалық сұхбаттардың кестесі уақытша өзгертіледі. Бағдарламаның қанша уақытқа созылатыны және сұхбаттарды қалыпты режимде өткізу қашан басталатыны әзірге белгісіз.

Financial Times мәліметінше, иммиграциялық визаға сұхбаты алдын ала белгіленген кейбір өтініш берушілерге кездесудің кейінге шегерілетіні туралы хабарлама жіберілген. Жаңа күндер кейін хабарланбақ.

Тексеру күшейеді

Оқыту бағдарламасы визалық өтініш берушілердің қаржылық жағдайын бағалауға да бағытталған. Консулдық қызметкерлер адамның АҚШ-қа барғаннан кейін мемлекеттік әлеуметтік көмекке тәуелді болу ықтималдығын мұқият тексеруі тиіс.

Мемлекеттік департамент барлық елде өтініш берушілерді тексеру тәртібін біріздендіріп, бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр.

Бұл өзгеріс Дональд Трамп әкімшілігінің көші-қон саясатын қатаңдату шаралары аясында жүзеге асып жатыр. АҚШ билігі депортацияны күшейтіп, визалар мен грин-карталарды жоюға қатысты шараларды арттырып келеді.

Қазақстанға қатысты жағдай

Бұған дейін АҚШ федералдық соты Мемлекеттік департаменттің Қазақстан азаматтары мен тағы 74 елдің азаматтарына иммиграциялық виза беруді шектейтін шарасын заңсыз деп таныған.

21 тамызда Нью-Йорктің Оңтүстік округі бойынша федералдық судья Жанетт Варгас бұл шектеулер АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың заңда белгіленген өкілеттігінен асып кеткен деген қорытындыға келген.