Құрылтай сайлауында 15 заңбұзушылық анықталды
Бас прокуратура Құрылтай депутаттарының сайлауы заң талаптарына сай, тыныш жағдайда өткенін мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сайлау учаскелерінде бюллетеньдерді заңсыз беру, басқа адам үшін дауыс беру немесе бюллетеньдерді жәшікке тастау сияқты фактілер тіркелмеген.
"Сайлау кезеңінде әкімшілік құқық бұзушылықтың 15 фактісі анықталды. Оның үшеуі заңсыз сауалнама жүргізуге, 12-сі үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңдегі үгітке қатысты", - делінген хабарламада.
Салыстыру үшін, 2023 жылғы сайлауда сайлау заңнамасын бұзудың 69 фактісі тіркелген.
Биыл прокуратураға 12 өтініш түскен. Олардың барлығына түсіндірме берілген. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 113 өтініш болған.
Прокуратура мұны сайлау процесіне қатысушылардың құқықтық мәдениетінің артқанын көрсететін нәтиже деп бағалады.