Жаңалықтар

БАӘ-де апалы-сіңлілер қаза тапты: туыстары жан түршігерлік мәлімет айтты

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Шарджада қазақстандық екі қыз қаза тапқанын хабарлады. Қыздардың туыстары оларды біреулер өлтіргеніне сенімді,деп хабарлайды buginmedia.kz.

Тергеу жұмыстарына байланысты әзірге толық ақпарат жарияланбайды.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы марқұмдардың құжаттарын рәсімдеу және БАӘ-нің тиісті органдарымен байланыс орнату мәселелерін қоса алғанда, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында қаза тапқан Қазақстан азаматтары А. Б. және Ж. Б.-ның туған-туыстарына Сыртқы істер министрлігі көңіл айтты.

Ведомство қаза тапқандардың отбасыларымен байланыста екенін және өз құзыреті аясында қажетті көмек көрсетіп жатқанын хабарлады.

«Онда олар жұмыс істеген»

Tengrinews.kz тілшілері марқұмдардың туыстарымен сөйлескен. Олардың айтуынша, 2006 және 2004 жылы туған екі қыз Шарджаға жұмыс істеу үшін барған. Олар тамыздың соңы немесе қыркүйектің басында Қазақстанға қайтуы керек болған. Алайда шамамен бір апта бұрын қыздармен байланыс үзілген.

Туыстары қыздарды жан-жақтан іздегенін айтты.

«Біз оларды барлық жерде іздедік, көші-қон полициясында шығар деп ойладық. Бірақ кеше бізге екі мәйіт табылғанын және олар біздің қарындастарымыз екенін хабарлады. Оларды өлтіріп кеткен, денелерінде пышақ жарақаты бар. Сондай-ақ күдікті ұсталғанын, оның да Қазақстаннан екенін айтты», – деді қыздардың туыстары.

Алайда бұл ақпаратты әзірге ресми органдар растаған жоқ. СІМ оқиғаның мән-жайын жергілікті билік анықтап жатқанын және тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.

Қазір марқұмдардың туыстары қыздардың денесін Қазақстанға жеткізіп, жерлеу рәсімін ұйымдастыру мәселесін шешіп жатыр. Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы отбасыға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде.