Ресейде алты баланың әке-шешесі қайғылы жағдайда қаза тапты
Ресейдің Алтай Республикасында болған жол апатынан Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғыны қаза болды. Қайтыс болғандар ерлі-зайыпты болып шықты. Олар туыстарымен бірге жеке көліктерімен Моңғолияға жол тартқан, деп хабарлайды buginmedia.kz muztaumedia.kz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 27 шілде күні сағат 20:30 шамасында Ұлаган ауданындағы Ақташ ауылының маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Avensis көлігін басқарған 31 жастағы жергілікті әйел қарсы жолаққа шығып, Қазақстан азаматы тізгіндеген Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқан.
Кейін апатқа себеп болған әйелдің мас күйде болғаны және жүргізуші куәлігі болмағаны анықталған.
Соққы салдарынан Chevrolet көлігінің жүргізушісі, 41 жастағы Хабыз Рахымбай, мен оның 44 жастағы әйелі Құралай Құсайынқызы ауыр жарақат алған. Олар Ақташ аудандық ауруханасына жеткізілгенімен, дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады.
Марқұмдардың танысы Жарқынбек Ахметсакиұлы олардың Ұлан ауданы Мамай батыр ауылының тұрғындары екенін айтты.
«Қайтыс болған жолаушылар ерлі-зайыпты. Әйелі де алдыңғы орында отырған. Олар апат салдарынан қайтыс болып кетті. Салондағы адамдардың бәрі туысқандар. Олармен жолға шығар алдында кездесіп, дәмдес болған едім. Артында алты баласы қалды. Хабыз Рахымбай 41 жаста, оның әйелі Құралай Құсайынқызы 44 жас еді. Ресейде жол апатына ұшырады», – деді марқұмдардың танысы.
Апат кезінде Chevrolet көлігіндегі өзге жолаушылар да жарақат алған. Ауруханаға екі 63 жастағы адам мен 13 жастағы қыз бала, сондай-ақ Toyota көлігіндегі 21 жастағы жолаушы жеткізілген.
Ресейлік құқық қорғау органдарының мәліметінше, Chevrolet көлігіндегі қаза болғандар мен зардап шеккендердің барлығы – Қазақстан азаматтары.
Ал жол апатына себеп болуы мүмкін 31 жастағы әйел жеңіл жарақат алған. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол үйіне жіберілген.