Жаңалықтар

Қазақстанда электр энергиясы тарифі қымбаттауы мүмкін

Қазақстанда электр энергиясының тарифі күзден бастап өсуі ықтимал. KEGOC компаниясы 1 қазаннан бастап қызмет көрсету құнын қайта қарауды жоспарлап отыр. Қазір тиісті өтінім Табиғи монополияларды реттеу комитетінің қарауында.Бұл туралы KEGOC басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Үкіметтегі брифингте айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оның сөзінше, биыл тарифтің өсуі 2 пайыздан аспайды. Ал бес жылдық кезеңде компания тарифті орта есеппен 11–13 пайызға көтеруді көздеп отыр. Дегенмен нақты мөлшерін реттеуші орган анықтайды.

«Алдын ала болжам бойынша, биылғы өсім шамалы болады – 2 пайыздан аз. Ал алдағы бес жылда орташа тариф шамамен 11–13 пайыз шамасында өседі деп отырмыз. Бірақ нақты санын әзірге білмейміз, қазір Табиғи монополияларды реттеу комитеті қарап жатыр», – деді Нәби Айтжанов.

Комитет шешімі тамыз айының соңына дейін қабылдануы керек.

KEGOC басшысы компания тарифінің электр энергиясын түпкілікті тұтынушы төлейтін бағадағы үлесі шамамен 7 пайыз екенін атап өтті. Осыған байланысты KEGOC тарифінің өсуі халық үшін электр энергиясының соңғы құнына айтарлықтай әсер етпейді деп күтіледі.