Алматыдағы Lamiya тұрғын үй кешеніндегі өртен алты жасар қыз қаза тапты
Алматыдағы Lamiya тұрғын үй кешенінде 23 тамызға қараған түні болған өрт салдарынан алты жасар қыз көз жұмды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
КТК арнасының жазуынша, қайғылы оқиға 23 тамыз күні кешке Әди Шәріпов көшесі, 145 мекенжайындағы 13 қабатты үйде болған.
Құтқарушылар баланы ес-түссіз күйде тапқан. Дәрігерлер оны аман алып қалу үшін реанимациялық шаралар жүргізгенімен, қыздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Бұл туралы КТК хабарлады.
Өрттен кейін бірнеше тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Үш адам қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына, тағы екеуі Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Тағы бір бала дәрігерлердің тексеруінен өткен. Оның жақындары ауруханаға жатудан бас тартқан.
Өрт қалай шықты?
Төтенше жағдай туралы 101 нөміріне хабарлама сағат 22:49-да түскен. Алғашқы өрт сөндірушілер бес минуттан кейін оқиға орнына жеткен.
ТЖД мәліметінше, техникалық бөлмеде кабельдер мен көрші кіреберістегі электр қалқандары жанған. Өрт 23:57-де оқшауланып, 00:14-те толық сөндірілген.
Құтқарушылар ғимараттан 148 адамды, оның ішінде тоғыз баланы эвакуациялаған. Тұрғындар баспалдақ арқылы арнайы құтқару қалпақтарының көмегімен шығарылған. Қатты түтін салдарынан кейбір тұрғындар пәтерлерінен өз бетімен шыға алмаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, автоматты өрт дабылы өрт туралы шақырту түскенге дейін шамамен бір жарым сағат бұрын іске қосылған болуы мүмкін. Алайда тиісті ақпарат өртке қарсы қызметке уақытылы жетпеген.
Бұған дейін ғимаратта өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталып, жауапты тұлғаларға кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілген. Оның орындалған-орындалмағаны қазір тексеріліп жатыр. Өрттің нақты себебі әзірге белгісіз.
Lamiya тұрғын үй кешенін кім салған?
Lamiya тұрғын үй кешенін халықаралық RAMS Global тобына кіретін RAMS Qazaqstan компаниясы салған.
Компанияның Алматыдағы өзге жобаларына қатысты да бұған дейін тұрғындар тарапынан шағымдар айтылған. Мәселен, Beyond Almaty тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты мәселелер талқыланған.
Ал RAMS City тұрғындары 2026 жылдың жазында қызмет көрсетуші ұйымның қарызына байланысты электр жарығы мен судың өшірілгеніне шағымданған.
RAMS Qazaqstan халықаралық RAMS Global тобының құрамына кіреді. Қазақстандағы компания құрылтайшыларының қатарында Рамазан Бұлбұл мен Алмат Байымбетов көрсетілген.