Қазақстандағы ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірінде өрт шықты
Атырау мұнай өңдеу зауытында 25 тамызда өрт болды. Бұл туралы кәсіпорынның баспасөз қызметі хабарлады.
Өрт сағат 12:35-те жабық типтегі механикалық тазарту құрылыстарының тұндырғышында басталған. Оның ішінде болған мұнай шламы тұтанған.
"Оқиға кезінде нысанда ешқандай жұмыс жүргізілмеген", - делінген хабарламада.
Мамандар өртті оқшаулап, толық сөндіру жұмыстарын жүргізген. Атырау мұнай өңдеу зауытының мәліметінше, өрт кәсіпорынның жұмысына әсер етпеген.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, зауыттағы түтін туралы ақпарат 25 тамызда сағат 12:55-те түскен. Өрт сөндірушілер күшейтілген шақыру санаты бойынша бірден оқиға орнына жіберілген.
Сағат 13:42-де өрт оқшауланып, кейін толық сөндірілген. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.