Жаңалықтар

Терезеден кіріп, 65 жастағы әйелді аяусыз ұрған: Түркістанда сұмдық жағдай болды

Түркістан облысының Ленгер қаласында түнде белгісіз адамдар 65 жастағы әйелдің үйіне кіріп, оны соққыға жыққан. Алдын ала мәлімет бойынша, бетперде таққан күдіктілер әйелдің қол-аяғын байлап, шамамен бір сағат бойы күш көрсеткен. Оқиғадан кейін олар оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды buginmedia.kz ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға түнгі сағат бір шамасында болған. Шырт ұйқыда жатқан әйел ауыр соққылардан оянған. Жақындарының айтуынша, күдіктілер үйге терезеден кіріп, әйелдің қол-аяғын байлап, әбден азаптаған. Кейін үйдің ішін астаң-кестең етіп, есіктен шығып, оны сыртынан кілттеп кеткен.

Жәбірленушінің қызының айтуынша, әйелдің бір құлағы жыртылып, денесінің бірнеше жері көгерген. Күдіктілер оның телефонын, құлағындағы әшекейін және сөмкесіндегі 10 мың теңгесін алып кеткен.

– Құлағы кесілген. Бір құлағы жыртылған. Екінші құлағы ісіп тұр. Аямай ұрып тастаған. Бүйрек жақтарының барлығы көгеріп тұр. Өзі тұрып дәретханаға бара алмайды. Тұрса басы айналады. Жанындағы телефонын алған. Құлағындағыны алтын деп ойлаған шығар. Әшекейін жұлып алып кеткен. Бір құлағы жыртылған. Сумкасындағы 10 мың теңгесін алып кеткен, – дейді жәбірленушінің қызы Мәдина Тұрғынбекова.

Жәбірленуші соққыдан кейін күш жинап, үйден әрең шығып, көршілерінен көмек сұраған. Туыстарының сөзінше, әйел қатты қорқып қалған және болған жағдайдан кейін әлі де өз-өзіне келе алмай отыр.

– Қол-аяғын байлап тастаған. Қолын әрең шешіп шықтым деп әпкеміз дірілдеп, жылап, сөйлей алмайды қорыққаны соншалықты. Әлі қорқып отыр. Әлі жауап бере алмай отыр дірілдеп. Әбден қорқып қалған. Малды да олай қинамайтын шығар. Маска киіп кірген дейді. Қазір әпкеміз сандырақтап отыр әр нәрсені айтып. Соншалықты тепкілеп тастаған, – дейді жәбірленушінің туысы Күлипа Өтебаева.

Оқиға орны полицияның бақылауына алынған. Қазір тәртіп сақшылары үйдегі бейнебақылау камераларын қарап, күдіктілерді анықтап жатыр. Әзірге олар ұсталған жоқ.

– Қазіргі уақытта әйелдің жағдайы тұрақты және оның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Полиция күдіктілерді тезірек ұстауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізіп, барлық мән-жайды анықтап жатыр, – деді Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Зиятаев.

Күдіктілердің үйге не себепті кіргені әзірше белгісіз. Жәбірленушінің туыстары олардың ұрлық жасау үшін келген болуы мүмкін деп болжап отыр.

Қазір әйел Леңгір қаласындағы ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның миы шайқалып, түрлі дене жарақатын алғанын айтқан. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.