Жаңалықтар

Шымкентте 40 жастағы спортшыны ұрлап алып кеткен: алты адам сотқа тартылды

Шымкентте күрестен спорт шебері Василий Колесниковтың резонанс тудырған өліміне қатысты сот басталды. Қаңтар айының соңында 40 жастағы Василий Колесниковты ұрлап әкетіп, қала маңына алып кеткен. Кейін оның денесі табылды, деп хабарлайды buginmedia.kz  КТК арнасына сілтеме жасап. 

20 қаңтарда Шымкентте жол-көлік оқиғасы болған. Жолда екі көлік соқтығысып, жүргізушілер жанжалды анықтау үшін көліктерінен түскен. Алайда кейін оқиға орнына бір топ ер адам келіп, жаппай төбелес басталған. Бұл сәт видеоға түсіп қалған.

Бір кезде қарсыластары Василийді өз көлігіне күштеп отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Қорғау тарапы бұл жол апатынан кейін кездейсоқ болған төбелес емес, алдын ала ұйымдастырылған тұзақ болғанын алға тартып отыр.

Колесниковты ұрлап кеткеннен кейін оны бірнеше сағат бойы іздеген. Кейін оның денесі Шымкент қаласының маңынан табылды. Тергеу мәліметінше, марқұмның денесінде азаптау белгілері болған.

Сот алдына алты адам келді. Олар өздерінің бет-әлпетін көрсетуге тыйым салған. Тағы екі күдікті іздеуде жүр.

“Асқан қатыгездікпен Колесниковты қатты доғал затпен, сондай-ақ кесетін өткір затпен бірнеше рет ұрған. Олардың келтірген дене жарақаттары оның өліміне әкелуі мүмкін екенін түсінген”, – дейді мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Арыстанов. 

Оның сөзінше, олар спортшыны қасақана өлтірген.