Ермұхамет Ертісбаев саясаттан кетіп, немен айналысатынын айтты
Қазақстан Халық партиясының бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев белсенді саясаттан кететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оның шешімі Құрылтай сайлауындағы ҚХП нәтижесінен кейін белгілі болды. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала дерегіне сәйкес, партия 3,11 пайыз дауыс жинап, депутаттық мандат алу үшін қажетті 5 пайыздық межеден өте алмады.
Ертісбаев партияны қолдаған сайлаушылар мен сайлау науқанына қатысқан азаматтарға алғыс айтты.
«Саяси өмірбаянымның бұл кезеңі аяқталды деп есептеймін. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Қоғамға қазақстандық социализм идеясын ұсындық, әлеуметтік әділеттілік, ұлттық байлық, лайықты қарттық, еңбек құқығын қорғау, қолжетімді медицина мен білім туралы айттық. Қоғам өз таңдауын жасады», – деді ол.
Саясаткердің пікірінше, қазақстандықтар ҚХП ұсынған идеяларға әзірге дайын болмауы мүмкін. Сондай-ақ ол партия өз ұстанымдарын қоғамға жеткілікті деңгейде түсіндіре алмағанын жоққа шығармады.
Ермұхамет Ертісбаев саясаттан кеткенімен, қоғамдық жұмысты жалғастыратынын айтты. Оның сөзінше, алдағы уақытта ол халықаралық саясат, тарих, саясаттану және ағартушылық бағыттарына көбірек көңіл бөлмек.
«Халықаралық сараптаманы айтарлықтай күшейтеміз. АҚШ, Қытай және Ресей арасында не болып жатыр? Еуропаны не күтіп тұр? Орталық Азияның болашағы қандай? Ең бастысы – өзгеріп жатқан әлемде Қазақстан қандай орын алады? Сонымен қатар үлкен тарихи цикл бастағым келеді. Оқулықтарды қайталап айтпай, 10, 50 немесе 100 жыл бұрын қабылданған шешімдердің бүгінгі өмірімізге қалай әсер еткенін көрсеткім келеді. Жұмыс жетеді», – деді профессор.
Ол Қазақстан Халық партиясына табандылық пен сәттілік тіледі.
Ертісбаевтың пікірінше, саясатта жеңіс те, жеңіліс те болады. Алайда адамның ұстанымы сайлауда алған пайызымен өлшенбеуі керек.