Орынбор қаласының әкімі Альберт Юмадилов қойма аумағында өрт болғанын хабарлады. Төтенше жағдай қызметтері жалынды сөндірген.
Ozon компаниясының мәліметінше, оқиға кезінде 300-ден астам қызметкер қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Қоймада тауар қабылдау уақытша тоқтатылды.
Оқиғаға қатысты кадрлар әлеуметтік желілерде де тарады. Видеоларда қойма ғимаратын қалың түтін басып, нысан аумағында өрт болғаны көрінеді.
Сонымен қатар Санкт-Петербургтің Колпино ауданындағы ірі қоймалардың бірінен өрт шыққан. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл нысан Ozon қоймасынан шамамен 350 метр жерде орналасқан. Өрттің шығу себебі әзірге нақтыланбаған. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Соңғы үш айда украиналық дрондар ресейлік маркетплейстердің қоймаларына ерекше шабуылдап жатыр. Екі ай ішінде Wildberries компаниясының оншақты қоймасы өртенді. Соның салдарына Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Армения, Өзбекстан және Қытайдың ондаған мың кәсіпкері миллиардтаған теңге шығынға батқан.