Францияда жол апатынан кинопродюсер мен Dior өкілі көз жұмды
Францияның батысында болған жол апатынан француз кинопродюсері Николя Альтмайер мен оның жұбайы, Dior компаниясының қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Матильда Фавье қаза тапты. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz France 24-ке сілтеме жасап.
Жол апаты дүйсенбі күні болған. Ерлі-зайыптылар отырған көлік басқа машинаны басып озу кезінде қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан 57 жастағы Матильда Фавье мен 61 жастағы Николя Альтмайер көз жұмды.
Николя Альтмайер ағасы Эрикпен бірге Mandarin & Compagnie продюсерлік компаниясын басқарған. Ағайындылар «OSS 117», «Brice de Nice» және Францияның бұрынғы президенті Николя Саркозидің саяси мансабын баяндайтын «Conquest» фильмдерін шығаруға атсалысқан.
2017 жылы ағайындылар Францияның үздік продюсерлеріне берілетін Даниэль Тоскана дю Плантье сыйлығына ие болған.
Ерлі-зайыптылардың қазасына байланысты кино, сән және саясат саласының өкілдері көңіл айтты.
«OSS 117» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Жан Дюжарден қайғылы оқиғаны «орасан зор қайғы әрі есеңгіреткен жағдай» деп атады.