Жаңалықтар

Күн ысып, нөсер жаңбыр жауады: 24 тамызға ауа райы болжамы

«Қазгидромет» 2026 жылғы 24 тамызға, дүйсенбіге арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің кей өңірлерінде аптап ыстық сақталса, бірқатар аймақта қатты жаңбыр жауып, дауылды жел соғуы мүмкін, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Күндіз Қазақстанның батысындағы үш облыста ауа температурасы жоғары болады. Батыс Қазақстан облысында +35…+38°C, Атырау облысында +34…+39°C, ал Маңғыстау облысында +37…+42°C дейін көтеріледі.

Жауын-шашынсыз ауа райы негізінен батыс және оңтүстік-батыс өңірлерде күтіледі. Ал атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты елдің басым бөлігінде күн райы құбылмалы болады.

Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс облыстарында, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, дауыл соғуы ықтимал.

Оңтүстік өңірлерде жел күшейіп, шаңды дауыл тұруы мүмкін. Солтүстік, солтүстік-батыс және орталық облыстарда түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.

Сонымен қатар Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында төтенше өрт қаупі сақталады.