Заңды тәртіппен қайта сайлануға құқығым бар- Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы президент сайлауына қатысуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің келесі президент сайлауына қатысуы мүмкін екені туралы сұраққа жауап берді. Журналистер Конституциялық соттың Мемлекет басшысының
Журналистер Конституциялық соттың жуырдағы түсіндірмесін еске салды. Оған сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттікке қайта сайлануға құқығы бар. БАҚ өкілдері Мемлекет басшысынан осы құқықты пайдалануға ниеті бар-жоғын, сондай-ақ президент сайлауы 2029 жылы өтетінін немесе мерзімінен бұрын ұйымдастырылуы мүмкін екенін сұрады.
«Болжам айтуға әлі ерте»
Тоқаев қайта сайлануға заңды құқығы бар екенін растады. Алайда өзінің алдағы саяси жоспарын әзірге ашып айтпады.
– Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Ол заңды, әрине, және менің заңды тәртіппен қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы сайлауға қатысты немесе сіз айтқандай, сайлауға барамын ба, бармаймын ба, қай жылы өтеді деген мәселеге байланысты қазір болжам айтуға әлі ерте, – деп жауап берді Президент.
Ол қазіргі уақытта ел алдында тұрған міндеттерді орындау маңыздырақ екенін айтты.
Ұлттық қордың ақшасы құрылысқа жұмсала ма?
Атап айтқанда, Тоқаев Қазақстанды «үлкен құрылыс алаңына» айналдырып, әлеуметтік нысандар салу жоспарына қайта тоқталды. Бұл мақсатқа Ұлттық қор қаражатын пайдалануға дайын екенін жеткізді.
– Шетелдегі бағалы қағаздарда ақшаны неге ұстап отырмыз, егер оны халықтың игілігіне пайдалануға болса? Мен бұл ақшаны сен де алмайсың, мен де алмаймын деп сақтап отыруға қарсымын. Яғни бұл қаражат халыққа, біздің азаматтарымызға қызмет етуі керек, – деді Тоқаев.
Әлемдегі жағдайға да тоқталған Президент қазіргі ахуалды күрделі деп бағалады. Оның айтуынша, Қазақстан «тура мағынасында құздың жиегімен» келе жатыр. Дегенмен ел ішінде бейбіт жағдайды сақтап, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік болған.
Тоқаев өзінің саяси болашағына қатысты мәселеге кейінірек қайта оралуды ұсынды.
– Сондықтан тағы бір кездесейік. Мүмкін, келесі жылы сіздерге нақтырақ жауап берермін, – деді ол.
Бұған дейін Құрылтай сайлауында дауыс бергеннен кейін Мемлекет басшысы жаңа вице-президент лауазымына қатысты пікір білдірген еді. Оның айтуынша, бұл қызметке тағайындалатын адамның есімі бір апта немесе он күн ішінде белгілі болады.
Президенттің сөзінше, ол «белгілі, сіздер жақсы білетін адам» болады.
Құрылтай сайлауы
23 тамызда Қазақстанның барлық өңірінде және шетелде Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енгізілген.
Құрылтай бұрынғы екі палаталы Парламенттің – Мәжіліс пен Сенаттың орнына келді. Оның құрамына партиялық тізім бойынша 145 депутат сайланады.