Жаңалықтар

Алакөлде жоғалған ер адам ағаштардың арасынан өлі табылды

Алакөлде демалыс кезінде жоғалып кеткен 44 жастағы Руслан Мусагалиевтің денесі бірнеше күн іздеу жұмыстарынан кейін табылды, деп хабарлайды buginmedia.kz Ozgeris.info-ке сілтеме жасап.

Туыстарының мәліметінше, Руслан Мусагалиев Алакөлге жұбайы, үш баласы және әкесімен бірге демалуға барған. 17 тамыз күні кешке ол «серуендеп келемін» деп демалыс орнынан шығып, қайта оралмаған.

Ер адамның көлге шомылмағаны белгілі болды. Бейнебақылау камераларынан оның Арбат маңында жүргені байқалған. Кейін телефоны өшіп қалған.

Іздеу жұмыстары 18 тамызда басталды. Оған полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар бөлімшелері, әскери қызметшілер мен еріктілер жұмылдырылды. Іздеу барысында қызметтік көліктер мен ұшқышсыз ұшу аппараттары да қолданылған.

Бірнеше күннен кейін ер адамның денесі демалыс орындарынан шамамен 200 метр жердегі қалың ағаштардың арасынан табылды.

Абай облысының полиция департаменті аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр.

Туыстары Руслан Мусагалиевтің денсаулығына байланысты мәселелері болғанын және жоғалар алдында өзін жайсыз сезінгенін айтқан.

Полиция бұған дейін тараған кейбір ақпаратты да нақтылады. Ведомство ер адамның ұялы телефоны елді мекендердің бірінен табылды деген мәліметті жоққа шығарды.

«Ұялы телефон тікелей Алакөл көлінің жағалауынан табылды. Тексерілмеген ақпаратты таратпауға және тек ресми мәліметтерге сенуге шақырамыз», – деп мәлімдеді полиция.