Жаңалықтар

Оңтүстік Кореяға заңды түрде жұмысқа қалай бару талаптары жарияланды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарды Оңтүстік Кореяға жұмысқа орналастыруға арналған Employment Permit System (EPS) жүйесі бойынша іріктеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Кореяда жұмыс істеуге ниетті қазақстандықтарды практикалық іріктеу Алматыда EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады. Үміткерлер корей тілінен EPS-TOPIK тестін тапсырып, кәсіби білімі мен дағдыларын растайды. Сондай-ақ білімі, еңбек өтілі және кәсіби сертификаттары ескеріледі.

Бағдарламаға 18-39 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Үміткердің сотталмаған болуы, Кореядан бұрын депортацияланбауы, елге кіруге тыйым салынбауы және Қазақстаннан шығуына шектеу болмауы керек. Барлық кандидат балдық жүйе арқылы бағаланады.

Талаптарға сай келгендер ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі. Ол үшін жарамды төлқұжат пен медициналық тексеруден өту қажет.

Алайда EPS-TOPIK тестінен өту және тізімге ену Кореяда жұмысқа орналасуға кепілдік бермейді. Қызметкерлерді соңғы кезеңде кореялық жұмыс берушілер өздері таңдайды. Жұмысшылар саны жыл сайын Корея тарапы белгілейтін квотаға байланысты болады.

Жұмыс беруші кандидатпен еңбек шартын жасасқаннан кейін оған жұмыс жағдайы, еңбек уақыты мен міндеттері түсіндіріледі. Бұдан соң Алматыдағы EPS орталығында алдын ала дайындықтан өтіп, жұмыс визасын рәсімдеген азамат Кореяға аттанады.

EPS бағдарламасы бойынша жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін. Заңда көзделген жағдайда оны тағы 1 жыл 10 айға ұзартуға болады.

Министрлік азаматтарды жеке делдалдарға ақша бермеуге шақырады. «Кореяға міндетті түрде жұмысқа орналастырамыз» немесе «іріктеуден өткізіп береміз» деген уәделерге сенуге болмайды. Тіркеу мерзімі мен құжат тапсыру тәртібі туралы ақпарат министрліктің ресми ресурстарында жарияланады.