Жаңалықтар

Қарағандыда күйеуі соққыға жыққан келіншек келесі күні өлі табылды

Қарағандыда 28 жастағы Динара Мынбаеваның туыстары оның өліміне қатысты қылмыстық істі қайта тергеуді талап етіп отыр. Екі баланың анасы 2025 жылғы 3 шілдеде күйеуімен бірге тұрған пәтерден өлі табылған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Тергеу барысында оқиға суицид ретінде қарастырылып, кейін іс тоқтатылған. Алайда Динараның отбасы бұл қорытындыға күмән келтіреді. Туыстарының айтуынша, қайғылы жағдайға дейін отбасында жанжал болған және бұл жайт толық зерттелмеген.

Марқұмның әпкесінің сөзінше, оқиғадан бір күн бұрын Динара күйеуінің күш қолданғанын айтып, полиция шақырған. Туыстары тәртіп сақшылары келгеннен кейін арызда күш қолдану фактісін емес, тек сөзбен қорлау жағдайын көрсету ұсынылғанын мәлімдеді.

Сол түні Динара анасына телефон соғып, күйеуінің өзіне күш көрсеткенін айтып, балаларын алып кетуді сұраған. Анасы Шымкенттен Қарағандыға баруға дайындалған. Алайда кейін қызы байланысқа шықпаған.

Туыстары Динараның денесінен көгерген іздер көргенін және оқиғадан кейін пәтердегі кілемнің жоғалып кеткенін айтады. Осы жайттарға байланысты отбасы оның өліміне қатысты өзге нұсқаларды да тексеруді сұрап отыр.

Динараның жақындары Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне жүгініп, істі қайта қарауды және оқиғаға дейін шақырту бойынша келген полиция қызметкерлерінің әрекетіне тексеру жүргізуді талап етті.

Марқұмның артында үш және бір жарым жастағы екі ұлы қалды. Құзырлы органдар отбасының жаңа талабына қатысты ресми жауабы әзірге жоқ.