Маңғыстау облысында туризмге бөлінген 117 млн теңгені жымқырған кәсіпкер 5 жылға сотталды
Маңғыстау облысында туристік саланы мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша шығарылған сот үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Тергеу барысында жеке кәсіпкер «А» өкілінің Маңғыстаудағы демалыс базасының құрылысына жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу үшін мемлекеттен 117,2 млн теңге субсидияны заңсыз алғаны анықталды.
Кәсіпкер орындалған құрылыс жұмыстарының көлемін негізсіз ұлғайтып көрсеткен жалған жобалық-сметалық құжаттарды пайдаланған.
Сонымен қатар, нысан мемлекеттік қолдау шаралары енгізілгенге дейін салынғаны және құжаттарда көрсетілген құрылыс жұмыстарының бір бөлігі іс жүзінде орындалмағаны белгілі болған.
Бұдан бөлек, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру мақсатында жымқырылған бюджет қаражаты банк депозитіне орналастырылған. Нәтижесінде күдікті 5,6 млн теңге көлемінде қосымша кіріс алған.
Ақтау қалалық сотының үкімімен жеке кәсіпкер «А» өкілі аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Прокуратура мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында бөлінген бюджет қаражатын заңсыз алғаны үшін заңда белгіленген жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.