Жаңалықтар

Алматы облысында 17 жастағы оқушы қыз өзіне қол жұмсаған

Алматы облысы Іле ауданындағы Көкқайнар ауылында 17 жастағы Ясмина Ізімжан Азимжанқызының өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ясмина «Менің мектебім» гимназиясының 11-сыныбында оқыған. Отбасының айтуынша, ол мектеп бітіруге дайындалып жүрген.

Қайғылы жағдайдан кейін қыздың анасы әлеуметтік желіде «За Ясмину» парақшасын ашып, істің мән-жайын жария түрде көтере бастаған.

Марқұмның анасының айтуынша, қайғылы жағдайға дейін Ясмина 19 жастағы Ернатпен араласқан. Оның анасы Күміс сол мектепте мұғалім болып жұмыс істеген және жастардың қарым-қатынасына қарсы болған.

Отбасының мәліметінше, кейін Ясминаға Instagram желісіндегі видеоға байланысты ата-анасын шақырту және сотқа жүгіну мүмкіндігі айтылған.

Отбасының танысының Qumash тілшісіне айтуынша, мұғалім жасөспірімдердің оқу жылының аяқталуын тойлаған видеосын көрген. Кадрларда электронды темекі қолданған жасөспірімдер болған. Таныс қыздың сөзінше, Күміс осы видеоны негізге алып, ата-анасын шақыртатынын және істі сотқа жеткізетінін айтқан.

Оның айтуынша, 17 жастағы Ясмина жағдайды түсіндіру үшін мұғаліммен сөйлесуге барған. Алайда әңгіме барысында одан Ернатпен қарым-қатынасын өз еркімен тоқтататыны туралы хат жазуды талап еткен.

Отбасының танысы Ясминаның ата-анасына қатысты алаңдап, хат жазғанын және кейін үйіне қайтқанын мәлімдеді. Сол күні ата-анасы жұмыста болған.

Марқұмның отбасы қызға көрсетілген ықтимал психологиялық қысымның жағдайға әсерін тексеруді және мұғалімнің оқиғадағы рөліне құқықтық баға беруді талап етіп отыр.

Мұғалім неге әлі жұмыс істеп жүр?

Қызы қайтыс болғаннан кейін ата-анасы құқық қорғау органдарына арыз жазып, істің толық тергелуін талап еткен. Марқұмның анасының айтуынша, отбасы Оқу-ағарту министрлігі мен прокуратураға да жүгінген. Алайда оның сөзінше, төрт ай ішінде отбасы күткендей нақты нәтиже болмаған.

Туыстарын мұғалімнің мектепте әлі де жұмыс істеп, оқушылармен байланыста болуы да алаңдатады.

Мектеп не дейді?

«Менің мектебім» гимназиясының әкімшілігі Ясминаның өліміне қатысты барлық мән-жайды құқық қорғау органдары тергеп жатқанын мәлімдеді. Мектеп тергеуге қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсынып, өз құзыреті шегінде тиісті органдарға көмек көрсетіп отырғанын хабарлады. Білім беру ұйымы отбасының мұғалімге қатысты айыптауларына әзірге түсініктеме бермей, тергеудің ресми қорытындысын күтуді сұрады.

Отбасы жауап талап етеді

Ясминаның туыстары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, оған қатысы болуы мүмкін адамдардың әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп отыр.мҚазіргі уақытта мұғалімнің әрекеті мен қыздың өлімі арасында тікелей байланыс ресми түрде анықталған жоқ. Оның оқиғадағы ықтимал рөлін тергеу органдары анықтауы тиіс.

Әзірге өңірлік полиция департаменті оқиғаға пікір білдірген жоқ.