Саясат

Қазақстанның сыртқы саясат тұжырымдамасынан Назарбаевқа қатысты нормалар алынып тасталды

Қазақстанның 2030 жылға дейінгі жаңартылған Сыртқы саясат тұжырымдамасында Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі мен оның «Елбасы» мәртебесіне қатысты тікелей айтылған тұстар алынып тасталды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

14 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2020–2030 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Құжатқа енгізілген түзетулердің бір бөлігі Қазақстанның сыртқы саяси бағытының сабақтастығына қатысты.

Тұжырымдаманың бұрынғы редакциясында сыртқы саясаттың негізгі қағидаттарының бірі ретінде «ел дамуының жаңа кезеңіндегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сыртқы саяси бағытының сабақтастығы» көрсетілген еді.

Жаңартылған нұсқада бұл тұжырым қысқартылып, «ел дамуының жаңа кезеңіндегі сыртқы саяси бағыттың сабақтастығы» деп өзгертілді. Осылайша, сыртқы саясат бағытын Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстыратын норма алынып тасталды.

Назарбаевтың сыртқы саясатқа қатысты бастама көтеру құқығы да алынып тасталды

Жаңартылған тұжырымдамадан Тұңғыш Президент – Елбасы туралы конституциялық заңға қатысты жеке абзац та шығарылды.

Бұған дейін құжатта Назарбаевтың «тарихи миссиясына» байланысты өмір бойы халыққа, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға сыртқы саясаттың маңызды мәселелері бойынша бастамалар ұсынуға құқығы бар екені көрсетілген болатын. Жаңа редакцияда бұл норма жоқ.

Сонымен қатар Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын халықаралық деңгейде ілгерілетуге арналған алаңдардың тізімі өзгерді. Бұрын аталған Астана экономикалық форумы, Еуразиялық медиа форум және Astana Club жаңа редакцияда көрсетілмеген. Олардың орнына Астана халықаралық форумы ғана қалдырылды.

Құжатта мемлекеттік құрылымға қатысты да өзгеріс бар. Жаңа редакцияда Қазақстанның заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді органы ретінде Құрылтай туралы норма енгізілді.

Президент жарлығы қол қойылған күннен бастап күшіне енді.