Жаңалықтар

ҚМДБ Меркідегі 19 жастағы Мадинаның қазасынан кейін мәлімдеме жасады

Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі қоғамның назарын аударып отырған тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әйелге құрмет көрсетуге және отбасында күш қолдануға жол бермеуге шақырды,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

ҚМДБ мәлімдемесінде әйелдің отбасыдағы орны мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілді. Ведомство өкілдері ер азаматтың міндеті – жанындағы әйелге қорқыныш емес, қамқорлық пен жылулық сыйлау екенін атап өтті.

«Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы болғандарың» деген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеті де еске салынды.

ҚМДБ өкілдерінің айтуынша, ер адамның күші ашуға ерік беруде емес, сабыр сақтап, жанындағы адамға сүйеніш бола білуде. Отбасы әр адам өзін қауіпсіз сезінетін мекен болуы керек.

"Әйел – бір шаңырақтың шырағы. Біреудің аялап өсірген қызы, біреудің асыл анасы, біреудің сүйікті жары. Ол жаңа түскен шаңырағына қорғаныш пен жылулық іздеп келеді. Сондықтан ер азаматтың міндеті – оған қорқыныш емес, қамқорлық сыйлау. Ер адамның күші жұдырығында емес. Нағыз күш – ашуға ерік бермей, сабыр сақтай білуде. Жаныңдағы жанды жылатпай, керісінше оған сүйеніш болуда", - делінген хабарламада.

Бұл үндеу әйелдің күйеуі тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырап, қаза болған қайғылы оқиғадан кейін айтылды. Қоғамда аталған жағдай қызу талқыланып, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі қайта көтерілді.

ҚМДБ әйелді жылатудың азаматтыққа жатпайтынын айтып, отбасында өзара құрмет пен жауапкершілікті сақтауға шақырды.

Бұған дейін Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы Мадина Авезованың қайтыс болғаны белгілі болған. Оның артында сегіз айлық баласы қалды.Әйелді күйеуі бір тәтті үшін үрып-cоққан.