Экс-депутат Бақытжан Базарбек жол апатынан зардап шеккен адамның туыстарымен бірге видео жариялады
Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек Жамбыл облысында жол апатынан зардап шеккен 36 жастағы Нұржігіттің отбасына барды. Экс-депутат бұған дейін болған жол-көлік оқиғасына өзінің қатысы бар екенін растаған еді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Базарбек Нұржігіттің қазіргі жағдайы мен емделу барысын айтып, оның отбасына қажетті көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді.
Нұржігіттің жағдайы қанағаттанарлық
Бақытжан Базарбек Instagram парақшасында Нұржігіттің туыстарымен кездескен сәттен видео жариялады.
Зардап шегушінің жақындарының айтуынша, оның денсаулығында оң өзгерістер бар, қазір ем қабылдап жатыр. Отбасы Базарбекпен тұрақты байланыста екенін және одан қажетті қолдау алып отырғанын жеткізді.
Экс-депутаттың сөзінше, Нұржігіттің емі Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жүргізіліп жатыр.
«Шамалы оң өзгерістер бар. Расталмаған қаңқу сөздерді таратпауларыңызды сұраймын. Бәріміз Нұржігіттің аяққа тұрып, аман-есен отбасына оралуын тілеп, дұға етіп отырмыз», – деді Бақытжан Базарбек.
Астана немесе Алматыда емделуі мүмкін
Базарбек Нұржігіттің жағдайы тұрақталғаннан кейін оны қосымша тексеруден өткізіп, білікті мамандарға көрсетуге көмектесетінін айтты.
Қазір зардап шегушіні Астана немесе Алматыдағы медициналық мамандарға көрсету мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Еске салайық, БАҚ беттерінде бұрынғы депутат Бақытжан Базарбек адам қағып кетті деп айыпталғаны туралы жазылды. Бақытжан Базарбекке дейін де осы жол учаскесінде жол апаты болып, мал қағылған. Апат салдарынан малдың өлексесі жолда қалған. Бір ер адам оны алып тастау үшін жолға шыққан кезде Бақытжан Базарбек жүргізіп келе жатқан Toyota көлігімен оны қағып кеткен.