Жаңалықтар

Данияр Елеусінов ішімдікке тәуелді екенін мойындады

Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Астанада мас күйінде жол апатына ұшырағаннан кейін алкогольге тәуелділігі туралы алғаш рет ашық айтты. Спортшы Олимпиададан кейін ішімдікке әуестігі күшейгенін мойындап, жұрттан оның жағдайын әзілге айналдырмауды сұрады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Instagram парақшасында жазба жариялап, мас күйінде жол апатына түскені үшін әлі де сынға ұшырап жүргенін айтты.

Спортшы Олимпиададан кейін алкогольге тәуелділік мәселесі пайда болғанын алғаш рет ашық мойындады. Ол бұл жағдайды күлкіге айналдырмауды сұрап, қазір тәуелділігімен күресіп жүргенін жеткізді.

«Ассалаумағалейкүм, қазақ елі! Бәрі мені кезінде мас күйінде жол апатына түскенім үшін сынап жатыр ғой. Иә, мен мойындаймын. Менің Олимпиададан кейін алкогольге, алкоголизмге жақындығым бар, тәуелділігім бар. Білмеймін енді оның қалай болғанын. Бұл күлетін нәрсе емес. Бірақ адамдар күледі, өзінің басына келмегеннен кейін түсінбейді ғой. Жас кезімде мен де күлгенмін. Түсінбейтінмін мұны. Бірақ күлген адамның өзінің басына келеді ондай нәрсенің бәрі. Алла тағала осы өмірде сынап, айтқан нәрсеңді өз басыңа келтірмей қоймайды. Сондықтан да байқаңыздар. Абай болыңыздар. Мен күресіп жатырмын», – деді спортшы.

Бір күнде үш рет жол апатына түскен

Шілде айында Данияр Елеусінов Астанада ұсталған. Toyota көлігін басқарған спортшы бір сапар барысында бірнеше жол апатына түскен.

Сот шешімімен ол 20 тәулікке қамауға алынып, жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Данияр Елеусінов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған. Ол сондай-ақ әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы және Азия чемпионы.

Кәсіпқой бокста Елеусінов IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанып, IBF Inter-Continental белбеуін иеленген.