Білім

Мектепте смартфон қолдану: телефонды сабақ алдында барлық оқушы тапсыруға міндетті емес

Қазақстан мектептерінде оқушыларға оқу процесі кезінде мобильді телефон қолдануға тыйым салынады. Алайда сабақ басталар алдында смартфонды міндетті түрде арнайы орынға өткізу талабы әзірге енгізілмейді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Шынар Ақпарова мәлімдеді.

Министрлік өкілінің айтуынша, телефондарды қалай сақтау керектігі және қай оқушылар смартфонын тапсыруы қажет болатыны нақты тәртіппен айқындалады. Яғни барлық оқушыдан телефонды сабақ алдында міндетті түрде жинау талабы болмайды.

Ереже ортақ, бірақ тәртібін мектептер анықтайды

Шынар Ақпарованың айтуынша, бұған дейін әр мектеп оқушылардың смартфондарын сабақ алдында жинау немесе жинамау мәселесін өз бетінше шешіп келген. Енді Білім министрлігі білім беру ұйымдарында ұялы телефондарды қолдануға қатысты бірыңғай талаптар әзірледі.

«Бұл талаптар "Білім туралы" заңда бекітілген. Атап айтқанда, балалардың құқықтары мен міндеттері көрсетілген 47-бапта, сондай-ақ ата-аналардың құқықтары реттелген 49-бапта қарастырылған», – деді вице-министр.

Сонымен бірге смартфондарды нақты қалай сақтау керектігін әр білім беру ұйымы өзі белгілейді. Мысалы, оқушы телефонды мұғалімге тапсыра ма, арнайы орынға қалдыра ма, әлде басқа тәртіппен сақтай ма – бұл мектептің ішкі ережесінде көрсетіледі.

«Нақты ұйымдастыру мәселелеріне, яғни баланың телефонын қайда және кімге тапсыратынына қатысты тәртіп ішкі тәртіп ережелерінде нақтыланады», – деп түсіндірді Ақпарова.

Негізгі талап қазірдің өзінде анықталған: сабақ кезінде оқушы телефон пайдаланбауы керек. Тек оқу жоспары немесе сабақтың мақсаты бойынша гаджет қолдану қажет болған жағдайда ғана ерекшелік болуы мүмкін.

Ал сабақтан тыс уақытта, мысалы, үзіліс кезінде телефон пайдалануға рұқсат беріле ме деген мәселені де әр мектеп өзінің ішкі тәртібі арқылы шешеді.

Бұл мәселе неге қайта көтерілді?

Қазақстан мектептерінде сабақ кезінде телефон қолдану мәселесі бұған дейін де талқыланып келген. 2025 жылы Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қорытынды емтихан кезінде оқушы гаджетін мұғалімге тапсырудан бас тартып, педагогты балағаттаған жағдайдан кейін мәселе кеңінен талқыланды.

Осы оқиғадан кейін алдымен НЗМ-де, кейін жалпы білім беретін мектептерде смартфон қолдануға қатысты шектеулер күшейтілді.